Жаңа демалыс орны «Ақбастау» БК» ЖШС-ң демеушілігімен салынды.
ERNUR.KZ. Созақ ауданының Раң елді мекенінде тұрғындарға арналған «Атомшылар аллеясы» ашылды. Жаңа демалыс орны «Ақбастау» БК» ЖШС-ң демеушілігімен салынды. Жалпы аумағы 2 000 шаршы метрді құрайтын саябақта балалар ойын алаңы салынып, тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне жағдай жасалған. Сонымен қатар, мәдени-көпшілік және қоғамдық іс-шараларды өткізуге арналған арнайы сахна қарастырылған.
Саябақтың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ Өндірістік департаментінің директоры Тимур Тастанбеков, «Ақбастау» БК» ЖШС бас директоры Арнұр Жұмабекұлы және аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қатысты. Жиында сөз сөйлеген азаматтар ауыл тұрғындарын жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылдан бері Созақ ауданындағы елді мекендерді абаттандыруға басымдық беріліп келеді. Ауылдарда жаңа саябақтар мен демалыс орындары салынып, қолданыстағы нысандар кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Аталған жұмыстар тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға, ауылдардың сәулеттік келбетін жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.


