Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, оларды жоюдың мерзімдері белгіленді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда. Осы орайда Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов аудан аумағындағы елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық шарасы аясындағы жұмыстардың барысын зерделеді. Аудан басшысы қызметтік көлікті пайдаланбай елді мекен көшелерін жаяу аралап, нақты жағдайларды көзбен көрді.
Аралау барысында елді мекендердің санитарлық тазалығы, көшелер мен қоғамдық орындардың жай-күйі, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылуы мен абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар елді мекен шегінде орналасқан билбордтар мен ақпараттық панолардың эстетикалық талаптарға сәйкестігі, ескерткіштер мен елді мекен атауларының сыртқы келбеті, олардың күтімі мен сақталу жағдайы да жан-жақты қаралды.
Одан бөлек, заңсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты мәселені де назардан тыс қалдырмай, бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді тапсырған аудан әкімі құрылыс нормалары мен талаптарының, елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтауды округ әкімдері қадағалауда ұстау керектігін ескертті. Тұрғындарға арналған демалыс орындарының санын арттыру, саябақтар мен скверлерді көбейту, балалар ойын алаңдары мен шағын қоғамдық кеңістіктерді дамыту, халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру үшін абаттандыру және көркейту жұмыстарының сапасына ерекше мән беру қажеттігі айтылды.
Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, оларды жоюдың мерзімдері белгіленді. Әрбір елді мекеннің тазалығы мен тәртібі – ортақ жауапкершілік екенін айтқан аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, тазалық жұмыстарын белгіленген күндері ғана емес күнделікті жүйелі түрде ұйымдастыру арқылы елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартумен қатар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру жұмыстарын жергілікті әкімдерге жүктеді.


