Бұл біріншілік ұлттық зияткерлік спорттың даму деңгейін айқын көрсетті.
Тоғызқұмалақтан өткен ел чемпионатында түркістандық спортшы топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Павлодар қаласында ерлер мен әйелдер арасында тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған таңдаулы спортшылар қатысқан бұл біріншілік ұлттық зияткерлік спорттың даму деңгейін айқын көрсетті.
Әйелдер арасында өткен тартысты бәсекеде Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Ақбота Намаз шебер ойынымен дараланып, I орынды иеленді. Финалдық кездесулерде жоғары тактикалық сауаттылық пен төзімділік танытқан спортшы қарсыластарына мүмкіндік бермей, ел чемпионы атанды. Екінші орынды астаналық Гульнара Базаралиева еншілесе, үшінші орынды шымкенттік Салтанат Сапарбекова еншіледі.
Аталған жеңістің нәтижесінде Ақбота Намаз Румыния мемлекетінде өтетін Әлем чемпионатына ресми жолдама алып, Қазақстан құрамасының сапында ел намысын қорғайтын болды. Бұл – Түркістан өңірінде тоғызқұмалақ спортын жүйелі түрде дамыту мен сапалы даярлық жұмыстарының нақты нәтижесі.


