ТҮРКІСТАН: 100-ге жуық кәсіпкер «ARTSPORT» бағдарламасының қаржысын тиімсіз жұмсаған

0
684

Түркістан өңірінде бұл бағытқа 4,6 млрд. теңге қаралған.


ТҮРКІСТАН: 100-ге жуық кәсіпкер «ARTSPORT»  бағдарламасының қаржысын тиімсіз жұмсаған

Түркістан облысында «ARTSPORT» бағдарламасының қаржысын тиімсіз жұмсаған кәсіпкерлерге шара көрілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында оқушыларды шығармашылық және спорт үйірмелермен қамту жұмысы қоғам тарапынан оң бағаланып отыр. Өңірде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балалары үйрімелермен қамтылып, шығармашылықтарын шыңдайды. Биыл Түркістан өңірінде бұл бағытқа 4,6 млрд. теңге қаралып, 30 мыңдай оқушыны өнер және спорт үйірмелерімен қамту көзделуде.


Облыста былтыр бағдарламаны жүзеге асыруда кемшілік пен алаяқтыққа жол берген 100-ге жуық кәсіпкерге шара көрілді. Өнер және спорт үйрімелері бойынша өз мақсатында жұмсалмаған 28 млн. теңге бюджетке қайтарылған.


Мониторинг және бақылау жұмыстарының күшейтілуі нәтижесінде 26 кәсіпкер өз жұмыстарын тоқтатқан. Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде баяндалды. Кемшіліктер де ашық айтылды. Облыс басшысы жауаптыларға мемлекеттің қаражатын балалар үшін тиімді жұмсауды тапсырды.


"Аудан, қалалардағы ашылған үйірмелер өтетін ғимараттар заман талабына сай ретке келтірілсін. Осы салаға қатысты кәсіпкерлермен келісімшарт талаптарын қайта қарап, пысықтап шығыңыздар. Өзгерістер енгізуге ұсыныс берілуі керек. Балалардың үйрімеге келгенін дәлелдейтін бейнебақылау, бәлкім бейнетіркеу жүйесін қолдану жолдары да қарастырылсын. «Artsport» бағдарламасы қамтылмаған аудан, қалаларда жұмысты күшейтіңіздер. Кейбір аудандарда бұл бағытта жұмыс нашар. Облысымыздың барлық аймағында оқушыларға жағдай жасалуы тиіс. Екіншіден, спорттық үйрімелер өтетін залдарда толық жабдықталсын. Барлық ғимараттар санитарлық-гигиеналық талапқа сай болуы шарт. Балаларымыз таза әрі талапқа сай ғимараттарда жаттығуы қажет. Мәдениет пен спорт саласындағы өзекті мәселелер қадағалауда болады", – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев пен Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Ә.Қойлыбаевтың баяндамалары тыңдалды. Аrtsport.edu.kz платформасын пайдалану үшін «Soft Deco» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шарты жасалып, өңірде4 бағытта бақылау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтерге төлемақы жүргізу, өнім берушілердің спорт ғимаратының талаптарға сәйкестігін анықтау, жосықсыз өнім берушілерге қатысты талап-тілектерді тексеру және бағдарламаға жаңадан қатысуға үміткер кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштер тұрақты қаралады. Жалған мәліметтер және балалардың ЖСН-дерін artsport.kz платформасына қате енгізілген деректері анықталған.


Жалпы, 2022 жылы спорт саласы бойынша 23 982 балаға арналған 982377,0 мың теңге игерілді. Облыста 2023 жылға мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға 2,4 млрд. теңге бөлу бастамасы қолдау тауып, қаржы көлемі артып отыр. Бұл 20 спорт түрі бойынша 14500 оқушыны қамтуға жетеді.


Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 2022 жылы 484,2 млн. теңге қаржы бөлініп, бірінші жартыжылдықта толық игерілген. Былтыр 34 кәсіпкердің ұйымдастыруымен 145 шығармашылық үйірме ашылып, 7487 бала 43 шығармашылық үйірме түрімен шұғылдануға мүмкіндік алды. Биыл 15270 бала шығармашылық үйірмеге қатысады деп жоспарланып отыр. Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен 2,2 млрд. теңге қаржы бөлінді.


Айта кетейік, бүгінде өңір бойынша балалар эстрадалық вокал, заманауи би, поэзия оқу, шешендік өнер, зергерлік өнер, домбырамен ән айту, хореографикалық ансамбль, керамика және мүсін секілді 114 шығармашылық үйірмеде шығармашылықпен шұғылдануда.