Соның ішінде халықаралық талапқа сай атшабар мен ескек есу каналы бар.
Түркістан облысында биыл 51 спорт нысанының құрылысы аяқталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өткен жылы 73 спорт нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл заманауи үлгідегі 51 спорттық нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Соның ішінде халықаралық талапқа сай атшабар мен ескек есу каналы бар. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары спорт саласында биыл пайдалануға берілетін нысандар сапалы атқарылуы тиіс екенін ескертті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамыту, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға және спорт нысандарын салуға баса назар аударылуда. Облыста бірқатар спорт нысандары ашылып, саламатты өмір салтын ұстаушылар саны артып келеді. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек ауданы, Алғабас ауыл округі, Шақпақ ауылында спорт залдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек жеке инвесторлар есебінен 8 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне тапсырылған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы спорт нысандарына бірінші кезекте қажеттілікті анықтайтын арнайы критерий бекітілді. Аталған критерий негізінде спорт нысандардың эскиздік жобасы әзірленді. Жоспарға сәйкес, 2026-2028 жылдары 55 спорт нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Оның ішінде, 23 спорт кешені, 29 спорт зал, 1 жабық алаңша, 1 стадион қайта жаңғыртудан өтеді.
Жоба құрылыстары кезең-кезеңімен жүргізілген жағдайда спорттық инфрақұрылыммен қамту индикаторлық көрсеткіші 2026 жылы 48 пайызға, 2027 жылы 52 пайызға, 2028 жылы 56 пайызға жетіп, республика бойынша ондыққа кіру жоспарлануда.