ТҮРКІСТАН: 95 жастағы ардагер сайлау учаскесіне алғашқы болып келді

0
2 327

Тың жүрісті ардагер, подполковник жарқын болашаққа дауыс бердім, дейді.


ТҮРКІСТАН: 95 жастағы ардагер сайлау учаскесіне алғашқы болып келді

Еліміздің ішкі істер органдарының құрметті ардагері, ардагер, отставкадағы подполковник, тыл еңбеккері, 95 жастағы Сайрам ауданының «Құрметті азаматы» Ташходжа Аташев сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдауын жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Мемлекетшіл азамат ретінде қай заманда да сайлаудан қалған емеспін. Қызметтестеріме де, балаларыма да үлгі ететін әдетім осы, бұл өзіңді азамат ретінде қалыптастырудың ең алғашқы баспалдағы. Біз өз болашағымызға жауапкершілікпен қарауға міндеттіміз», – дейді қарт жауынгер.




Халық саны тығыз орналасқан Түркістан облысының тұрғындары елімізде өтіп жатқан ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауына белсенді қатысып, таңнан бері өз таңдауларын жасауда.

Айта кетейік, Түркістан облысында 911 сайлау учаскесі ашылып, онда 1 млн 160 мыңнан аса сайлаушы тіркелген. Облыс орталығы - Түркістан қаласында 50 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда қала тұрғындарымен қатар, қызмет бабында жүрген азаматтар және қалаға келген қонақтар да дауыс беруде.

Сайлау учаскелерінде санитарлық нормалар барынша мұқият сақталған. Жауапты мамандар әрбір адамның дене қызуын өлшеп, медициналық маска, қолғаптың болуын тексеруде. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықтың сақталуы сәт сайын ескертіліп жатыр.

Жалпы өңірде мәслихат сайлауы бойынша 320 депутаттық мандат берілсе, оның 45-і облыстық мәслихатқа бөлінген. Ал, қалалық мәслихатқа – 47, аудандық мәслихатқа – 228 депутат сайланбақ.