Сыйға тартылған кітаптар — ағылшын тілін үйренушілер мен жетілдірушілер үшін таптырмас көмекші.
АҚШ консулы «Фараб» кітапханасына ағылшын тіліндегі 70-тен аса кітапты сыйға тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін кітапхана АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығынан ағылшын тіліндегі 72 дана кітапты сыйға қабылдады.
Аталмыш кітаптарды салтанатты түрде табыстау үшін АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулы Мишель Еркін ханым кітапханаға арнайы келді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы мәдени және білім беру бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Сыйға тартылған кітаптар — ағылшын тілін үйренушілер мен жетілдірушілер үшін таптырмас көмекші. Әсіресе жастарға арналған көркем әдебиет, танымдық, ғылыми және мотивациялық еңбектер тіл үйренуге, сыни ойлау мен мәдени көкжиегін кеңейтуге жол ашады.
Кездесу барысында қонақтарға құрмет көрсетіліп, жылы ықылас білдірілді.
Кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы келген меймандарға Түркістанның бай тарихы мен рухани мұрасы туралы қысқаша таныстырып өтті. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналған ерекше кітапты естелік ретінде сыйға тартты.
Farab кітапханасы атынан АҚШ Бас консулдығына көрсеткен қолдауы мен құнды сыйлығы үшін шын жүректен алғыс білдіреміз. Бұл — Қазақстан мен АҚШ арасындағы достықтың, білім мен мәдениет алмасуының айқын белгісі.