Баталы ел қартын қазынаға балайды.
«AMANAT» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын қолға алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«AMANAT» партиясы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан түбегейлі саяси реформалар аясында «әлеуметтік мемлекет» құру бағытын таңдаған. Партия жариялаған саяси ұстаным азаматтар өздерінің адал еңбегі, маңдай теріне сай лайықты жалақы, зейнетақы алуға құқылы екенін білдіреді.
Аға буынға қамқорлық саласында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы қолға алынған. Жоба шеңберінде партиялық ресурстар арқылы аға ұрпақ өкілдеріне жүйелі қолдау көрсету, олардың жан саулығын қалыпты ұстауға жәрдемдесу, еңбек ардагерлерін қоғамдық өмірге белсенді кіріктіру, кейінгі буынға тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес беруде сабақтастық дәстүрін жалғастыру, ауыл-аймақтарда тұрақты әрекет ететін билер кеңестері мен ақсақалдар алқаларының, әкелер мектептерінің, аналар кеңестері мен әжелер қоғамдастықтарының қызметі бір арнаға тоғыстырылып, халық игілігіне жұмылуы үйлестіріледі.
Басты байлығы халқы болып табылатын Түркістан облысында бүгінде 175 мыңға жуық азамат көп жылдық еңбектерінің зейнетін көріп келеді. Қартын қазынаға балаған, қария сөзін елдің сөзі деп бағамдаған түркістандық жұртшылық ардагерлерді лайықты өмір сапасымен қамтуда, әлеуметтік тұрғыда қолдауда жүйелі жұмыстар атқарып келеді. «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында 2027 жылға дейінгі кезеңде ардагерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 255 іс-шара өткізу көзделген. Биылғы жылы атқарылуы жоспарланған 40 іс-шараның орнына нақты 55 іс-шара жүзеге асып, аға ұрпақ мемлекет қамқорлығын жақыннан сезінді. Жол картасы аясында сондай-ақ, алдағы бес жылдық кезеңде ерекше қажеттілігі бар 425 ардагердің әлеуметтік көмекпен қамтылуы көзделген еді. Биылғы жылға арналған жоспар екі еседен де артығымен орындалып, 85 азаматтың орнына нақты 191 азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Партияның облыстық филиалы бекіткен жоспар шеңберінде «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша жыл ағымында облыстағы барлық санаттағы зейнеткерлердің тізімі өзектендіріліп, ерекше күтімді қажет ететін және жалғызілікті қариялардың жеке деректері, соғыс ардагерлері мен ұрыс қимылдарының қатысушылары, тыл еңбеккерлері, ядролық апат аймақтарына жұмылдырылғандар туралы мағлұматтар жаңартылды. Жоба аясындағы міндеттерді іске асыруда азаматтық қоғам ұйымдарымен, жастардың белсенді топтарымен, меценаттық ұйымдармен, волонтерлық қозғалыстармен өзара іс-қимыл жүргізудің жұмыс бағыттары белгіленіп, олардың әлеуетін партиялық міндеттерге жұмылдырудың мүмкіндіктері қарастырылды.
Жоба аясында жыл басынан беріжалғызілікті, мүмкіндігі шектеулі, тұрмыс жағдайы төмен қарттар мен партиялық қамқорлыққа алынған тұрғындармен облыстың 17 аудан, қаласында еріктілер мен әлеуметтік көмекшілер топтары мақсатты жұмыстар атқарды. Оның ішінде 2 мәрте медициналық профилактикалық бақылау шаралары, «Ардагер денсаулығы» акциясы, «Ашық есік күні» қабылдауы, «Қарттарым аман сау жүрші!» онкүндігі, Ауған соғысы ардагерлерімен «Уақыт бізді таңдады» кездесуі, атаулы күндерге арналған мерекелік жиындар, «Жақсылық жасап жарысайық!», «Қамқор», «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» қайырымды қоғам акциялары өтті. Жалғызілікті қариялар партиялық қамқорлыққа алынып, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен, азық түлікпен қамту бастамалары жүзеге асып, ауласын күтіп ұстауға, қосымша шаруашылық құрылыстарын жүргізуге, қысқы отынмен қамтуға, транспорттық тасымалдау қажеттіліктеріне көмектер көрсетілді.
Аға буын мен жастардың тәлім-тәрбиелік байланысын арттыруда бүгін партияның облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Түркістан қаласындағы жоғары медициналық колледжінде өңірімізге белгілі қоғам қайраткері, облыстық аналар алқасының мүшесі Ұлжан Әбенқызы Мұстафаевамен студент жастардың кездесуі ұйымдастырылып, өткізілді.
Тәрбиелік мәні зор тағылымды жүздесуде жастардың қоғамдағы орны, төлтума мәдениетіміз бен өнерімізді сақтау міндеттері, отбасылық тәлім-тәрбиенің өнегесі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі бастамаларды іске асыруда, қоғамға ортақ мүлікті, табиғи және тарихи мұраларымызды қорғау ісінде жас буынның жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Іс-шара барысында жастар «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы бойынша тағылымды іс-шаралармен танысып, жастардың мемлекет, қоғам, халық, ұлт алдындағы перзенттік борыштары жөнінде кеңінен түсінік алды.