Түрлі ойын қондырғыларымен жабдықталған алаңша қоршалып, балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілген.
Арыста заманауи балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласы, Ақдала ауылдық округіне қарасты П.Арапов елді мекенінде жаңа балалар ойын алаңшасы салынып, орталық көшелердің бірі – Кемел көшесіне асфальт жол төселді.
Бұл мәселелер жыл басында қала әкімі Қайсар Маңқараевтың ауыл халқымен кездесуінде көтерілген болатын. Тұрғындардың өтінішіне орай қажетті жұмыстар қолға алынып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жаңадан ашылған ойын алаңшасы заман талабына сай салынған. Түрлі ойын қондырғыларымен жабдықталған алаңша қоршалып, балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілген.
Сонымен қатар елді мекеннің орталық көшелерінің бірі саналатын Кемел көшесіне асфальт жол төселіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды.
Жергілікті жұрт атқарылған игі істерге ризашылықтарын білдіріп, жастар алдағы уақытта ойын алаңшасының тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына өз үлестерін қосатындарын жеткізді.