Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Арыста «KUSH FEST» атты облыстық спартакиада ойыны өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай «KUSH FEST» атты қызметкерлер арасында облыстық спартакиада ойыны өткізілді.
Шараның мақсаты – жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық пен бірлікті нығайту, сондай-ақ ұжымдық рухты көтеру. Аталмыш сайысты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы және Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Советұлы ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада барысында қатысушылар футбол, үстел теннисі, қол күресі, арқан тартыс, кір тасын көтеру секілді спорт түрлерінен бақ сынасып, өздерінің шеберліктері мен ептіліктерін көрсетті.
Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен командалар арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша І орынды Сарыағаш және Ордабасы аудандарынан құралған команда иеленді. ІІ орынды Қазығұрт ауданының командасы еншілесе, ІІІ орынға Бәйдібек ауданының командасы лайық деп танылды.