ТҮРКІСТАН: Балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын кітап жарық көрді

0
516

Әр ертегінің соңында жас оқырмандарға сауалдар мен боямақ жинақ қоса берілген.


ТҮРКІСТАН: Балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын кітап жарық көрді

Түркістанда алғаш рет қазақ тілінде балаларға экономика мен қаржылық сауаттылықты, қарапайым есептеуді үйрететін ертегі кітап жарық көрді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


"Берке аю және кәсіп" атты туындыда іскер аю Беркенің кәсіп ашуға деген қызығушылығы және оның осы жолда бастан кешкендері баяндалады. Кітап авторы түркістандық жас жазушы – Дәурен Жүніс. Идея авторы – Айбек Қуатбай, жоба жетекшісі – Парасат Танен, бас редакторы – Садық Шерімбек. Суретшілер: Бекзат Исамбергенов, Айгерім Сүттібайқызы.


«Orda Generation» ЖШС басып шығарған кітап сапалы қағазда, түрлі-түсті суретпен безендірілген. Әр ертегінің соңында жас оқырмандарға сауалдар мен боямақ жинақ қоса берілген.


Бұл кітапта автордың адамдық, ұлттық және таным құндылықтары негізінде жазған ертегілері жинақталған. Жоба жасаушылары барлық жас оқырман мен ата-аналарына ыңғайлы болу үшін ертегілердің аудиоларына кітап ішіне сілтеме берген. Технологиялық үдерістер мен заман талабы қазіргі балалардың контент қажеттіліктерінің аясын еселеп кеңейткені белгілі. Сол факторларды негізге ала отырып, жаһандық тәжірибелердің ең соңғы озық үлгісімен астастырып шығарылған бұл өнімдер сериясы жаңа леп іздеген көпшілік оқырманның көңілінен шығады.


Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтың бірі – балалардың экономикалық білімін қалыптастыру, қаржы сауаттылығына баулу. Осы қасиетті өскелең ұрпақтың бойында қалыптастыру үшін ана-аналар мен ұстаздардың тәрбиелік жұмысы үздіксіз жүруі тиіс. Бұл ретте қазақша «Берке аю және кәсіп» ертегілер жинағы балалардың айнымас досы болатынына сенім мол.