ТҮРКІСТАН: Биыл 470 мың тонна мақта жиналады

0
108

Мақта сапасын 6 зертхана анықтайды.


ТҮРКІСТАН: Биыл 470 мың тонна мақта жиналады

Түркістан облысында мақта терім науқанына дайындық пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақта терім науқанында туындайтын мәселелер мен келеңсіздіктерді дер кезінде саралап, жедел шешу мақсатында Түркістан облысында арнайы штаб құрылып, жұмысын атқаруда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданында штабтың кезекті отырысын өткізді. Онда Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы қазіргі жағдай туралы аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады.


Жетісай ауданында 4153 шаруашылыққа 76 мақта қабылдау бекеті қызмет көрсетуде. Мақта сапасын 6 зертхана анықтайды. Мақтааралда 5069 шаруашылықтың өнімін 60 бекет қабылдайды, мұнда 25 зертхана жұмыс істейді. Ал Шардарадағы 1460 шаруашылық 35 бекетке мақта тапсырады. Мұндағы 18 зертханада өнім сапасы тексеріледі.


Мақта өңдеу зауыттарының басшылары науқанға дайындық барысы мен өндірістік мүмкіндіктері туралы мәлімет берді. Штабқа жұмысшы топтың апталық есебі де ұсынылды.


Науқан барысында техникалық қауіпсіздікті сақтау және алаяқтық әрекеттерге жол бермеу бойынша тиісті тапсырмалар нақтыланды.


— Өзекті мәселелердің басым бөлігі мақта қабылдау бекеттерінде зертханалардың болмауынан туындайды. Мақта өңдеу зауыттары өз бекеттерін зертханалармен толық қамтамасыз етуі тиіс. Мақта бағасы нарыққа тәуелді, дегенмен қазіргі деңгейден төмендемеуі керек. Шаруалардың еңбегінсіз зауыттарға өнім жоқ. Сондықтан бірінші кезекте еңбекті бағалауымыз қажет. Кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.


Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге мақта дақылы егілген. 470 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Мақта зауыттары «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары арқылы қаржыландырылуда. Сондай-ақ шитті мақтаны толық көлемде сату мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын жеке бақылауға алатынын ескертті.

Бөлісу