Қазақ әдебиетінің дамуы, жастарды кітап оқуға баулу секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Түркістанға ақын, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаламгерлермен кездесіп, пікір алмасты. Кездесу барысында бірқатар ұсыныстар айтылды. Қазақ әдебиетінің дамуы, жастарды кітап оқуға баулу секілді өзекті мәселелер талқыланды.
– Сіздерді Түркістан төрінде көргеніме қуаныштымын. Түркістанға руханият саласын жандандыратын жобалар, құнды дүниелер аса қажет. Біздің өңірімізде де бұл бағытта жұмыстар атқарылып, нәтижесін көріп отырмыз. «Жастарға қалай кітап оқыта аламыз?» деген сауал мені де жиі ойландырады. Кітап оқу деген керемет қой. Сәнге айналдырып, қызықтыра алсақ, біздің үлкен бір жеңісіміз болар еді. Өз әдебиетімізді өзіміз қолдауымыз керек, – деді өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы.
Кездесу барысында облыс әкімі Ұлықбек Оразбайұлын 70 жас мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Ұлықбек Есдәулет Түркі дүниесі кітаптарының көрме-жәрмеңкесін Түркістанда өткізуді ұсынды. Бұл қазақ кітаптарының шетелге танылуына, насихатталуына зор мүмкіндік болмақ. Бұл тұрғыда халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымынан қолдау болатынын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан жазушылар одағының 90 жылдығы кең көлемде аталып өткенін, жыл бойы ауқымды іс-шаралар жүзеге асқанын атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының Астана қаласындағы өкілі, ақын Дәулеткерей Кәпұлы өз ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабековтың да пікірлері тыңдалды.