ТҮРКІСТАН: «Фараб» кітапханасы ерекше жобаларды қолға алған

0
94

«Әдеби финалда» жеңімпаздар марапатталатын болады.


ТҮРКІСТАН: «Фараб» кітапханасы ерекше жобаларды қолға алған

Түркістан облысында 388 кітапхана жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде Түркістан облысында 388 кітапхана жұмыс істеп тұр. Жалпы кітап қоры 6 052 954 дана болса, соның 3 554 900-і қазақ тілінде жазылған. 2025 жылдың алғашқы алты айында өңір кітапханаларына келушілер саны 2 198 040-ты құраса, тұрақты оқырман саны 252 670-ке жеткен. Облыс аумағындағы кітапханалар жыл басынан бері сегіз мыңға жуық мәдени-танымдық іс-шара өткізіп, бірнеше ұзақмерзімді жобаны жүзеге асырып келеді. Ал, барлық кітапханаға жетекшілік жасап отырған облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қорында 235 мыңнан аса кітап бар және тұрақты оқырман саны 10 мыңнан асады. Жарты жыл ішінде мұнда 140-қа жуық ауқымды мәдени іс-шара өткізілген. Осы және өзге де ақпараттарды облыстық кітапхананың жарты жылда атқарған жұмыстары мен жоспары туралы брифингте директордың орынбасары Байжігітова Шахмира айтып берді.


Спикер алдымен «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған байқаулар мен жобаларға тоқталды. Алғашқы жартыжылдықта белгілі жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына орай облыстық «Мархабат оқулары» байқауы ұйымдастырылып, қорытынды кеші «Фараб» кітапханасында өткізілген. Ал аудан, қалаларда іріктеу кезеңі өткізіліп жатқан облыстық «Абай оқулары» байқауы қазан айының соңында қорытындыланады. Облыс көлемінде «Ақылдыммен ақылдымын» облыстық акция-байқауының да іріктеу кезеңі жүріп жатыр. Сонымен қатар, республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауына облыстық іріктеуден өткен оқушы жүлдемен оралыпты.


Спикердің сөзіне сүйенсек, облыстық кітапханадағы бөлімдер де түрлі жобаларды қолға алған. Атап айтар болсақ, ғылыми-зерттеу бөлімі «Қолжазба — тарихтың үні мен сыры», «Өлкені тану — өркениетті тану», «Ғылым мінбері» жобаларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлім «Тең қоғам — мінсіз мүмкіндіктер» және «Кітап үні» жобаларын іске асыруда. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі болса, «Оқы және көшбасшы бол», «Кітап бізбен бірге», «Алтын қорға үлес қос», «Демалысым — кітапханада», «Оқырман іздеймін» секілді жобалармен айналысып жатыр.


Сондай-ақ, «Фараб» кітапханасы «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларын кеңінен насихаттап келеді және жыл соңында белсенді оқырмандар марапатталатын болады. «12 айда — 12 кітап» жобасы жыл бойы жалғасып, қорытындысы жыл соңында шығарылмақ. Кітапхана қолға алған тағы бір ерекше бастама – «Түнгі кітапхана» жобасы аясында да бірнеше шығармашылық іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Абай тауының баурайында «Түн, табиғат, поэзия» атты жыр мүшәйрасы, «Сіз күткен көктем» және «Ғашықтар күніне» орай «Махаббат деген — біз» атты поэзия кештері өткен. Алдағы уақытта осы жобасы аясында Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбай, Мұқағали Кенжетай сынды қаламгерлермен туған өңірлерінде шығармашылық кездесу өткізу жоспарланған.


«Жуырда шығармалары «Түркістанның таңдаулы туындысы» ретінде таңдалған ақын Бақытжан Алдиярмен Қазығұрт ауданындағы орталық саябақта кездесу өтті. Кездесуге арнайы қонақ болып Бақыт Беделхан келді. Рухани іс-шараға Қазығұрт халқы жиналып, ән-жырмен сусындап, ерекше әсермен тарасты. Сондай-ақ, кешегі күндері облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абаймен ойлан, Абаймен толған» атты 10 күндік мәдени-ағартушылық іс-шара өткіздік. Жалпы 280 іс-шара өткізіліп, 221 кітап көрмесі жасақталып, 10500-ге жуық адам қатысты. Одан бөлек, Созақ көтерілісіне 95 жыл толуына орай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен және Созақ аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Созақ көтерілісі — батырлық пен бірліктің символы» атты тарихи-танымдық іс-шара өткізілді», - деді Шахмира Шаматайқызы.


Алдағы уақытта еліміздегі жас кітапханашылар арасында республикалық «Жас кітапханашы форумын» өткізу жоспарланып отыр. Жыл соңында облыс көлемінде өткізіліп жатқан байқаулар мен кітапхана жобалары қорытындыланып, оқырмандар арасындағы үздіктер анықталып, «Әдеби финалда» жеңімпаздар марапатталатын болады.

Бөлісу