Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін атап өтті.
Түркістан қаласында суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Парламенті Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, оны тиімді пайдалану мәселелері бойынша көшпелі отырыс Түркістан қаласында өтті.
Комитет төрағасы елдегі ирригациялық инфрақұрылымның жай-күйі сын көтермейтінін атап өтті. Республикалық меншіктегі жалпы ұзындығы 19 772 шақырымдық 3298 каналдың 11881 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдардың 80-90% ескірген, техникалық деңгейі төмен. Осыған байланысты ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылмақ.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталып, осы бағыттағы атқарылып жатқан істерімен, алдағы жоспарларымен таныстырып өтті.
«Бүгінгі көшпелі отырыста қаралып отырған күн тәртібінің Түркістан облысы үшін маңыздылығы жоғары. Түркістан қаласы аумағындағы аудандарда ағын су тапшылығын шешу мақсатында, ірі су нысандарының құрылысын жүргізудеміз. Оның ішінде, «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу», «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасын салу, «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, ағын су тапшылығының тәуекелділігі әлі де жоғары екендігін ескеріп, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар Түркістан өңірін кепілді ағын сумен қамтамасыз ететін болады. Құрметті Сенат депутаттары! Елбасының тікелей бастамасымен, Түркі тілдес ел басшыларының қолдауымен, Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамуына айрықша көңіл бөлініп отырғандықтан, жоғарыда аталып өткен су нысандарының құрылысын аяқтау - кезек күттірмес мәселе. Осыған орай, Республикалық деңгейдегі мәселелерді Сіздермен бірлесе отырып шешетіндігімізге үлкен сеніммен қараймын!», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.