«Бекзат», «Шауғар», «Отырар» секторларында 27 желтоқсан күні кездесу жоспарлануда.
Қала әкімінің сектор тұрғындарымен кездесуінде 70-тен астам мәселе көтерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы халыққа қолайлы жағдай жасап, мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірін тыңдау мақсатында арнайы сектор тұрғындарымен кездесті.
Кездесу алдымен «Яссы», «Бірлік», «Сауран» секторларында өтті. Жүздесу барысында қала әкімі тұрғындармен ашық байланыс жүргізіп, сұрақ-жауап ретінде халық өтініші тыңдалды.
Бірнеше секторда өткен кездесуге 1000-ға жуық тұрғын жиналып, 70-тен аса мәселе көтерілді. Негізгі мәселелер Инфрақұрылым және коммуникациялар, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары және тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы салаларына және ветеринариялық қызметтерге қатысты болды.
Қала әкімі тұрғындардың сауалдарына жиын барысында жауап беріп, уақыт күттірер мәселелерді тиісті сала басшыларына зерделеп, шешуді тапсырды. Сондай-ақ жиын соңында шаһар басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 22 тұрғын әлеуметтік мәселелері бойынша кірген. Мәселен, «Яссы» секторында 7 азамат тұрғын үй, білім, жол мәселелерімен кіріп, тұрғын үй кезек реттілігімен берілетіндігі түсіндірілсе, көшеге тас төсеу мәселесі шешімін тауып, білім саласына қатысты мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырма берілді.
«Бірлік» секторында 2 азамат жер мәселесін көтеріп, сала басшысына заң аясында қарап, шешу тапсырылды. Сауран секторында 13 азаматқа баспана кезегінің заңдылығы түсіндіріліп, жол мен әлеуметтік салаға және полицияға қатысты мәселелері шешілген.
Ал «Бекзат», «Шауғар», «Отырар» секторларында 27 желтоқсан күні кездесу жоспарлануда.