Бағдарлама негізгі мақсаты – нарықты отандық тауарлармен толықтыру.
Түркістандық кәсіпкерлер "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының шарапатын көруде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 24 млрд 66,9 млн. теңгеге 259 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, құжаттары қаралып жатқан жалпы құны 48 млрд 413,8 млн. теңге болатын 451 жоба бар. Бұл туралы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы хабарлады.
Бағдарлама негізгі мақсаты – нарықты отандық тауарлармен толықтыру. Жоба бизнес өкілдерінің пікірі ескеріле отырып уақыт талабына сай жетілдіріліп, қызметтің жаңа бағыттарымен толықтырылып келеді.Бүгінде дағдарысқа қарсы шаралар аясында өзгерістердің алтыншы пакеті қабылданып отыр.
Атап айтқанда, бағдарламаның қолданылу мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды. Сондай-ақ, көктемгі дала жұмыстарымен қатар, оған егін жинау жұмыстары да қосылды. Үшінші өзгеріс – бұл тек қана өз қаражаты есебінен және 200 млрд. теңгеден аспайтын сомаға Мемлекетттік комиссияның ұсынымы негізінде ғана инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыра отырып, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ операторы ретінде қосылуы.
"Әрине, осы пакеттегі бизнес үшін маңызды өзгерістердің бірі ретінде Даму кепілдіктерін қарау және беру мерзімдерін 25 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқартылғанын айтуға болады. Одан бөлек, екінші деңгейдегі банктердің кәсіпкерлердің өтініштерін қарау мерзімдерін 20 жұмыскүнінен аспайтын мерзімге шектеліп отыр. Сондай-ақ, соңғы өзгерістердің қатарында-кәсіпкерлердің Агро өнеркәсіп кешенін өндіру мен қайта өңдеудегі қарапайым заттар экономикасының жобалары бойынша "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ кепілдігін алу мүмкіндігі. Сонымен қатар, жаңа 9 экономикалық қызметтің жалпы классификаторы және 5 тауар номенклатурасы қосылуы. Менің ойымша, бұл өзгерістер біздің кәсіпкерлерге осы несиелеу механизмін белсенді түрде қолдануға және несиелік қаражат есебінен мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді», – деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.
Айта кетейік, бағдарламаға бизнесті кеңейтуге немесе қызметтің жаңа бағытын ашуға ниетті кәсіпкерлер қатыса алады. "Қарапайым заттар экономикасы" салаларын несиелендірудің барлық мәселелері бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасына мына телефон арқылы хабарласуды сұраймыз: 8(71533) 5-98-98, 8-708-753-65-35 жобаларды қолдау бөлімі.