ТҮРКІСТАН: Командалық айтыстың жеңімпаздары марапатталды

0
69

Демеушілердің қолдауымен қаржылай сый табысталды.


ТҮРКІСТАН: Командалық айтыстың жеңімпаздары марапатталды

Түркістанда республикалық жас ақындар айтысы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Түркінің төрі – Түркістан» республикалық жас ақындар айтысы өтіп жатыр. Айтысқа облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыс мәслихатының депутаты Алмас Салимов арнайы қатысты.


Шара барысында таяуда ғана Ақтау қаласында өткен республикалық командалық айтыстың финалында жеңімпаз атанған Түркістан облысының жүйріктері марапатталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің атынан алғыс хат пен демеушілердің қолдауымен қаржылай сый табысталды.


Былтыр бастау алған жобаға еліміздің үш мегаполисі мен 17 облысынан жалпы 20 команда қатысқан болатын. «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты өнер мерекесінің ақтық кезеңінде Түркістан және Қарағанды облысының айтыскер ақындары мен күйші, жыршы-термешілерінен құралған құрамасы бақ сынады. Қазылар алқасының шешімімен жүлделі І орын мен алтын домбыраға ие болды.


Облыс құрамасында айтыстың арыстаны, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын домбыра» иесі Бекарыс Шойбеков бастаған өңіріміздің мықтылары бар. Атап айтқанда команда жетекшісі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тлеулиев, ақындар бапкері Бекмұрат Анарбаев, таныстырушы Шахмардан Бекарысұлы, Бекарыс Шойбеков (Сүре айтыс), Қажымұхан Абзалов (Қайым айтыс), Дәурен Ақсақалов (Түре айтыс), Аян Ниязбек (Өтірік өлең айтысы), өнерпаздардан Оразәлі Жаңабай (Дәстүрлі әнші), Руслан Ахинбеков (Терме), Аязбек Рустамов (Жыршы), Шыңғыс Исаев (Күйші).


Айта кетейік, айтысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен әр өңірдің әкімдіктері мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы бірлесіп ұйымдастырған.

Бөлісу