Спортшылар жанкүйер болып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Түркістан облысында көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен Түркістан облысының спортшыларын қабылдап, құрмет көрсетті. Облыс әкімі спортшыларды жеңісімен құттықтап, олардың жетістігі Түркістан облысында ұлттық спорт түрлерін дамытуға және жас спортшыларды жігерлендіруге серпін беретінін атап өтті.
– Сіздер ел сенімін ақтап, Мемлекеттік Туымызды көкте желбіреттіңіздер. Осы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! 100-ден аса мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан дүбірлі сынға өңірімізден 21 спортшы қатысып, 17 медаль еншілеп отырсыздар. Оның ішінде Қазақстан қоржынына 9 алтын медаль салдыңыздар. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін ерекше атап өткім келеді. Сіздерге, бапкерлеріңіз бен ата-аналарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Біз ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында халықаралық додада жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттары табысталды. Бірінші орын иегерлеріне 500 мың теңгеден, екінші орын алған спортшыларға 300 мың теңгеден, үшінші орын иегерлеріне 200 мың теңгеден берілді. Спортшылар жанкүйер болып, қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Дүбірлі сында қол күресінен Нұрдәулет Айдархан мен Медет Құттымұратов ел намысын абыроймен қорғады. Екі спортшы да оң және сол қолмен сынға түсіп, екі алтын медальдан иеленді. Аударыспақтан Дарын Өткелбай, Сырым Ізбасаров және Сайлау Мұхаммеджан алтын медаль жеңіп алды. Теңге ілуден Қанат Бақтыбай жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді. Тоғызқұмалақтан командалық есепте Аружан Салман чемпион болды. Алыш спорт түрінен Қалмұхан Тұрмаханбет қола жүлдеге қол жеткізсе, ордо спортынан Талғар Абилхан қола медаль жеңіп алды. Жүлдегерлер қатарында қол күресінен екі күміс медаль жеңіп алған Ұлжан Оралбай, көкпардан күміс жүлдегер атанған Абылайхан Нышанбеков, көк бөріден күміс медаль иеленген Асылжан Мамыт және ордо спортынан қола жүлдеге қол жеткізген Нұрсұлтан Өмір бар. Сонымен қатар овариден Әсел Далиева жүлдегер атанған болатын.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден аса мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы бақ сынады. Жарыс қорытындысында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жалпы есепте 1-орын иеленіп, 74 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль бар. Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшылары ел қоржынына 17 медаль салды. Оның 9-ы алтын, 4-еуі күміс және 4-еуі қола медаль. Жалпы алтын жүлденің 9-ы, яғни, 28 пайыздан астамы – Түркістан облысының спортшыларының еншісінде.


