Жазғы лагерьлер балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуде.
Түркістан облысындағы мектеп оқушылары банан бағын аралап, ерекше орындарға саяхат жасауда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданының білім беру ұйымдары жанындағы жазғы лагерьлер балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуде. Екінші ауысымның қатысушыларына қызықты бағдарлама ұйымдастырған.
№47 жалпы білім беретін мектеп жанындағы жазғы лагерь оқушылары жылыжайдағы банан бағына экскурсия жасады. Аудан аумағында орналасқан жылыжайда тропикалық жеміс өсіріледі. Саяхат барысында жас өрендер банан шаруашылығында еңбек ететін бағбаншымен жүздесіп, баптау жолдары және құрамындағы пайдалы дәрумендер туралы тың ақпараттармен танысты. Олар өз көздерімен көрген кәсіптің қыр-сырын таңданыспен қабылдады. Бұл танымдық күн лагерьдегі оқушылар үшін есте қаларлық жарқын сәттердің біріне айналды.
Ал, №7 Бабыр атындағы жалпы білім беретін мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінің балалары Шымкент қаласындағы зообаққа барды. Жан-жануарлар әлеміне енген оқушылар саябақ ішінде суретке түсіп, қуанышқа бөленді. Топ жетекшілерімен тәрбиешілері табиғатқа деген сүйіспеншілікті ұғындырып, жер ананы аялауға және қорғауға баулыды.
№5 М.Горький атындағы білім ұясының оқушылары аудан орталығындағы «HappyLand» балалар ойын-сауық орталығында болды. Бұл шара – достық қарым-қатынасты нығайтуға және ұжыммен әрекеттесуге септігін тигізіп, белсенді демалуына мүмкіндік сыйлады.
Жазғы лагерьлердегі танымдық саяхаттар – баланың жан-жақты дамуына серпін береді. Демалыс уақытында балалар шығармашылық жұмыстармен айналысып, спорттық және мәдени шараларға қатысуда. Білім көкжиегін кеңейтіп, туған жерін танып-білуде. Зообақтар, демалыс орындары мен кәсіпорындарға экскурсия жүргізу жалғасады.