Қазіргі таңда тұрғын үйлер орналасқан аумақта абаттандыру және жол құрылысы жұмыстары жүргізілуде.
ERNUR.KZ. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Осыған орай аудан әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси ауылында болып, жаңадан пайдалануға берілген әкімшілік ғимараттың жұмысымен танысты.
Заманауи талаптарға сай салынған әкімшілік ғимарат толық пайдалануға беріліп, Жаңажол ауылдық округі әкімі аппараты жаңа ғимаратқа көшкен. Нысан табиғи газ, электр энергиясы және кәріз жүйесімен толық қамтылған. Жалпы аумағы 24,78 соттық жерді алып жатқан ғимаратта тоғыз қызметтік кабинет, мәжіліс залы, қабылдау аймағы және санитарлық торап қарастырылған.


