Мырзакент кентінде абаттандыру мен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар жетерлік.
Мақтаарал ауданының орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына жасаған пресс-туры барысында аудан орталығы Мырзакент кентіндегі жаңадан салынған нысандармен танысты. Онда тілшілер жуырда ғана пайдалануға берілген «Даңқ» аллеясына аялдады. Негізінен аудан орталығы статусын алғанына 3 жыл толған Мырзакент кентінде абаттандыру мен көгалдандыру бағытында атқарылған жұмыстар жетерлік.
«Ауданда ескірген нысандардың барлығы да қайта жаңарып, үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Атап айтқанда, аудан әкімі аппаратының ғимараты, жастар гүлзары, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадион, орталық кітапхана, Мырзакент емханасы ел игілігіне берілді. Бүгінде 1 200 орындық мектеп және 280 орындық балабақшаның құрылысы жүруде және дербес бөлімдер үшін әкімшілік ғимараты, спорт сарайы, орталық саябақ нысандарының құрылысы жоспарлануда»,- деді аудан әкім Бақыт Насырханұлы.
Сонымен қатар, өткен жылғы төтенше жағдай салдарынан Мырзакентте жаңа мөлтек аудан бой көтеріп, жаңа саябақ пен аллеялар пайдалануға берілген. Көптеген кәсіпкерлік нысандар тұрғызылып, халыққа қызмет көрсету сапасы күн сайын артуда. Кент көшелерінің барлығы дерлік күрделі жөндеуден өткен.