Әрбір өтініш пен ұсыныс хаттамаға енгізіліп, заң аясында көмек беріледі.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалыны Мақтаарал ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының жұмыс жоспарына сәйкес, Мақтаарал ауданында да көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Мақсат – шалғайдағы елді мекендерге басшылар мен депутаттарды апарып, елмен жүздестіру, мұң-мұқтажын тыңдау.
Мырзашөл төріндегі көшпелі қоғамдық қабылдауға тұрғындардың қызығушылығы жоғары болды. Қоғамдық қабылдауды «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Ол әрбір өтініш пен ұсыныс хаттамаға енгізіліп, заң аясында көмек берілетінін жеткізді.
Қоғамдық қабылдауда облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, Мақтаарал ауданы әкімдігінің өкілдерімен қатар облыстық мәслихат депутаттары да тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Атап айтсақ, Ойрат Мамыров, Ұлжанат Жұрымбетова, Нұргүл Әбдіразақовалар да болды.
Көшпелі қоғамдық қабылдауда Мақтаарал ауданының 12 тұрғынының өтініштері тыңдалды. Жеке мәселеден бастап, тұтас ауыл тұрғындарының мұқтажын сөз еткендер де кездесті. Солардың бірі – Атакенттік Килибай ауыз суға жарымай отырған ауылдастарының жайын сөз етті. Бұл сұраққа Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Полатов нақты жауап берді. Атакент кентіндегі 12 көшенің ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында мердігер «ДАНЕКЕР» ЖШС-гі тарапынан тиісті жұмыс басталған. 272,2 млн. теңге жұмсалған нысан биыл тапсырылып, тұрғындар сапалы сумен қамтылмақ. Бірлік ауылдық округінің тұрғыны Рысбек Әлімбаев Бірлік мектебінің құрылысының тоқтап қалуы бойынша шағымданды. Бейсен Тәжібаев мектеп құрылысы облыстық мәслихат депутаттарының кезекті сессиясында қаралып, оң шешуге ықпал жасалатынын жеткізді.
Иіржар ауылдық округінің тұрғыны Тұрсынмурат Хасанов та өз ауылындағы білім ұясының құрылысының жай-жапсарын сұрай келіпті. «Сақалды құрылысқа» айналып кетпесе екен деген өтінішін айтты. Тұрғынға Мақтажан атындағы 200 орындық мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары биыл қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға тапсырылатыны түсіндірілді. Қабылдауда былтыр су басқан ауыл тұрғындарының жер, үй мәселелері бойынша өтініштері де тыңдалды. Жұмысқа орналастыру, әлеуметтік көмек бойынша да сұрақтар қойылып, мәселелер партиялық бақылауға алынды.