563 мың га жайылым жер, 1,5 мың га шабындық жер берілді.
Қуаңшылық Түркістан облысының бірнеше ауданына да әсер еткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы қуаңшылық батыс өңірлерімен қатар, Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарының жыл сайын табиғи шөп оратын алқаптарына да әсер етіп, табиғи шөп бітік шықпады. Алдағы қыс айларында мал азығының тапшылығын алдын алу мақсатында облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда, сонымен қатар Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал аудандары Шардара, Отырар аудандарының жайылымдарын пайдалану туралы меморандум жасалынған.
Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, облыстың агроқұрылымдарына орман қоры жерінен жайылымдық және шабындық жерлер ұсынылып, биылғы жылдың 6 айында 545 агроқұрылымға 563 мың га жайылым жер, шөп шабуға 23 агроқұрылымға 1,5 мың га шабындық жер берілді. Осы орайда, облыстың мал азығы жағдайында талдау жасап, жағдайдың тұрақтылығына көз жеткізілді.
Биыл өңірдегі мал басына қажетті 4 млн.тоннаға жуық мал азығын 100 % дайындауға толық мүмкіндіктер бар. Оның ішінде 2,7 млн. тн жоңышқа, 134,6 мың тн сүрлем, 71 мың тн пішендеме және 945 мың тн табиғи шөп жиналады. Бүгінгі күнге 3,2 млн. тн мал азығы жиналды (81 %). Аймақта мал шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Соңғы екі жылдың өзінде мал басы мен одан алынған өнім көлемі 10-15 % -ға артқан.