Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған болатын.
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.⠀
Атап өтсек, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауыл зардап шекті. Алғашқы күннен бастап апат орнына «Nur Otan» партиясының өкілдері де жедел жетіп, топан су салдарын жою жұмыстарына белсене кіріскен. Ал «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған болатын.
Сол сапар қортындысына сәйкес, Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорының демеушілігімен, партияның үйлестіруімен Мырзакентте 20 үй салынып жатыр. Сонымен бірге, мырзашөлдіктер егістік алқаптарын қалпына келтіру, техникаларды жанар-жағармаймен қамту мәселесін қозғаған еді. Бұл өтініш партия бақылауына алынып, бүгінде Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптары қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы ауданда шаруаларға 4160 тонна жанар-жағармай бөлінген. Ал 25 мамырда су басқан аумақтардағы егістік алқаптарын қайта өңдеп, тұқым себу үшін көршілес Өзбекстан көмек ретінде 243,6 тонна мақта шиті, 15 чизель агрегаты, 11 қопсытқыш, 14 дән сепкіш және өзге де арнайы техникаларын жіберді. «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаевтың мәлімдеуінше, диқандардың өтініші бойынша жерді қайта өңдеу, мақта егу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылып жатыр.
Сондай-ақ, партия төрағасының бірінші орынбасары былтыр әскери қоймадағы жарылысқа байланысты Арыс тұрғындарымен кездесіп, қаланы қалпына келтіруге барынша қолдау көрсетілетінін айтқан болатын. Кездесуде И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелеріндегі ескі жатақхана тұрғындары жарылыстан үйлері мүлдем жарамсыз болып қалғаны жөнінде шағымданған. Бұл мәселе де партия бақылауына алынып, 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған қос ғимарат үш қабатты үйге айналып, қайтадан салынды. Одан бөлек, И.Ақынбеков және Ш.Құдайбердіұлы көшелерінде бой көтерген 33 және 24 пәтерлі екі үйдің құрылысына 600 миллионға жуық қаржы қаралған. 2019 жылдың тамыз айында құрылыс жұмысы басталып, нәтижесінде қараша айында заман талабына сай үйлер салынды. 57 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Ондағы тұрғын үйлер дербес жылу қазандығымен қамтылған. Бүгінде аталған үйдің тұрғындары мемлекет басшылығына, құрылысты бақылауға алған партияға ризашылықтарын білдіруде.