«Ән аға – жан аға» атты концерт өтті.
Түркістанда облыстық филармония Шәмші әндеріне арналған кеш өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті «Ән аға – жан аға» атты концерті өтті.
Фойеде скрипкашылар ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі тұтынған заттарын арнайы әзірленген мұрағаттық бұрыштан тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жәдігерлер туған ауылындағы Шәмші музей-үйіне тиесілі. Сонымен қатар ерекше тақтайшалар арқылы ән падишасының таңдаулы 6 әнінің шығу тарихынан хабардар болды.
Кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында ұлы композитордың таңдаулы шығармаларынан өзге халық әні, классикалық туындылар мен әлемдік саз әуендері шырқалды. Бұрын соңды көпшілік назарына ұсынылмаған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер лэд экран арқылы көрерменге жол тартты.
Кеш шымылдығын ҚР Ерен еңбегі үшін медаль иегері Наркенже Серікбаева ашты. Өнерпаздарды 22 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамблдері өнер көрсетті. Қазақ музыка өнеріне 300-ден астам туынды олжалаған Шәмші атамыз көзі тірісінде: «Халқым барда менің әндерім тыңдаушысыз қалмақ емес» дегендей «Конгресс холл» залы Шәмші әндерін сағынған халықпен толыққандығы және филармония өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасын асыға күтетіндігі өнер ордасы үшін үлкен мәртебе. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы маусым сайын жаңа сарын, жоғары деңгейдегі ауқымды кештерін көрерменге ұсына бермек.
Айта кетейік, өңір тұрғындарының мәдени-рухани байлығын арттыру, өнерлі жандардың музыкалық ағарту қызметін дамыту, Шәмші әндерін насихаттау, ұлттық өнер мен оркестрді насихаттау, сазгерлер мен орындаушыларды көтермелеу, би бағытын жандандаруды мақсат тұтқан филармония ұжымының құрылғанына да алпыс жылдан асты. Валтс королінің есімін иеленген өнер ошағында бүгінде 200-ден астам адам жұмыс істейді. Онда «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Алаш» вокалды аспаптар оркестрі, «Тұмар» этно-фольклорлық ансамбі, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Фараб», «Ғасыр» би-ансамблдері, «Скрипкашылар» ансамблі, «Орыс халық аспаптар» оркестрі бар. Ұжымның ауызбіршілігі арқасында көптеген жетістікке жетіп жүр.