"Анам мен енеме айта алмай жүрмін" - келіншек жақындарынан жасырған сырын жайып салды

0
331

"Олардың ойынша үй тірлігі бәрінен маңызды, оны жасай алмайтын әйел – әйел емес"


Сурет: istockphoto.com

Астаналық Гаухар ERNUR.KZ порталы оқырмандарының көзі ашық, заманауи, адекватты жандар екеніне сенеді. Сондықтан өз енесі мен анасына айта алмай жүрген құпиясын жайып салуға дайын.


"Жақында егіз босанғанмын. Оның алдында бір баламыз бар, балабақшаға барады. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз.

Пәтер жалдап дегенде, жағдайымыз нашар, табыс аз болғандықтан емес. Өз үйімізге ақша жинап жатырмыз. Бірақ оны алам дегенше арзан, ескі, жағдайы нашар үйде тұрғымыз келмейді. Өз жайлылығымыз үшін қаланың орталығынан, ремонты жаңа, бар жағдайы жасалған, есік алдында күзет отыратын тұрғын-үй кешенінен жалдадық. Айына әжептәуір ақша төлейміз.

Бірақ соған қарамастан, күйеуіме айтып жүріп үйге көмекші жалдаттым. Әйтесе, екі бала бірден жылағанда, қарындары ашқанда бір өзім қайсына қарарымды білмей қаламын. Үйдің тірлігі, тамақ істеу, өзіме қарау, демалу дегендер де жайына қалады. Сондықтан тек жұмыс күндері 5 сағатқа келіп-кететін көмекші жалдадық.

Шүкір, жолдасымның табысы жақсы. Күнкөрісімізге, пәтерақы, басқа да шығындарымызға жетеді. Есебін тауып, депозитке құюға да артылдырады. Ал балаларымның жәрдемақысын толығымен көмекшіге беремін. Өзімнің комфортым, жанымның тыныштығы үшін жәрдемақыны жоққа санаймыз деп келістік. Қазір арзан үйде тұрып, өз-өзімізден үнемдесек, үйді ертерек алатын шығармыз мүмкін. Бірақ, соған жұмсаған денсаулығымыз, жоғалтқан жүйкемізді қайта қалпына келтіру қиын ғой. Оның орнына баспананы кішкене кешірек алармыз, есесіне, қазіргі өмірімізді жайлылықта, жақсы өткіземіз, біз үшін осы дұрыс. Менің жағдайымды өзім ойламасам, өзім жасамасам, өзімді-өзім күтпесем, мұның бәрін мен үшін біреу істемейді ғой. Мүмкіндігім болып тұрса, жолдасым да түсініп, қолдап тұрса, неге пайдаланбасқа?

Көмекші келгелі көзім ашылып қалды. Егіздердің біреуін емізген кезде ол екіншісіне қарап отырады. Балалар ұйықтап жатса, тамақ пісіру, үй жинау сияқты жұмыстарға көмектеседі. Әйтеуір екеулеп жүріп біраз шаруа тындырамыз әрі мен де демала алатын болдым.

Бірақ осыны енем мен өз анам әлі білмейді. Күйеуіме «Әзірге ешкімге айтпа, екі мамамызға өзім түсіндіріп айтайын» деген болатынмын. Бұл тақырыпты жолдасым екеуміз ақылдаса, келісе отырып шешсек те, басқа адамдарға қалай болса да айта алсам да, екі анамызға келгенде айта алмай жүрмін. Қысыламын ба, өзімді кінәлі сезінем бе, әйтеуір біртүрлі сезім бар.

Екеуі де ескі көзқарастағы адамдар. Олардың ойынша үй тірлігі бәрінен маңызды, оны жасай алмайтын әйел – әйел емес. сондай оймен өскен, қалыптасып қалған ғой. Әсіресе, өз анам. Енем кішкене де болса заманауи түсініктерді өзі қабылдамаса да, түсінуге тырысады. Ол кісінің «Өздерің біліңдер» дейтінін, бірақ іштей қарсылығы болатынын сеземін. Өзімнің мамам болса «Жетіскен екенсің. Құтырған қатынсың. Ақшаңды біреуге бергенше, сол тірлікке өзің үлгермейсің бе?» деп ұрсатыны анық. Онсыз да бұрыннан «Әлі өз үйлерің жоқ, мынандай қымбат пәтерде тұрғандарың не? Одан да кішірек, арзандауын алып, үстіндегі ақшаны жинап, ертерек үй алмайсыңдар ма деп айтып жүреді.

Оңтүстіктің қызымын ғой. Біз жақта өліп бара жатса да, үй тірлігін өздері істейді. Қонақ шақырса екі-үш күн бұрын кірісіп, бар тәтті-дәмдісін өздері дайындайды. Қонақ кеткен соң шаршағаның, ауырғаның қызықтырмайды, таңға дейін отырсаң да, ыдыс-аяғыңды өзің жуып-жинап бітпей ұйқы жоқ.

Дұрыс екенін білсем де, өзімді кінәлі, ыңғайсыз сезінуді қалай жеңсем екен?"