Түркістан облысы - Қазақстандағы ең танымал туристік өңірлер қатарында

0
67

Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай.


Түркістан облысы - Қазақстандағы ең танымал туристік өңірлер қатарында

2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан ішінде туристер ең көп демалған көшбасшы өңірлер қатарына Түркістан облысы да қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев турзимді дамыту мәселесіне басымдық беріп, маңызды міндеттер жүктегені белгілі. Түркістан облысында осы бағытта ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан ішінде туристер ең көп демалған көшбасшы өңірлер қатарына Түркістан облысы да қосылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті хабарлады.

Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай. Облыс аумағында 1792 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызды нысан (Қ.А.Ясауи кесенесі), 41 республикалық маңызы бар ескерткіш, 403 жергілікті маңызы бар ескерткіш бар. Өңірде 264 орналастыру орны және 117 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Бұдан басқа, облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи аймақтар орналасқан. Олар: ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

Облыста 2025 жылдың қорытындысымен ресми статистикалық деректерге сәйкес, орналастыру орындарында демалған туристер саны 347,6 мың адамға жетіп (отандық туристер 325 073 турист, шетелдік 22 563 турист), 2024 жылмен салыстырғанда 14,7%-ға артты. Тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 1 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті. Табиғи аумақтарға саяхаттағандар саны 151,9 мың адамды құрап, 18,1 пайыз өсім көрсеткен.

2026 жылдың І тоқсанымен орналастыру орындарында демалғандар саны 87,1 мың адамға (шетелдік туристер 2 148, отандық туристер 84 931) жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 42%-ға өскен. Орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі 2,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 46,6%-ға өсіп отыр. 2026 жылдың 6 айының қорытындысымен тарихи-мәдени орындарға 575 мың адам саяхаттаса, табиғи орындарға келушілер саны 60,1 мың адамға жеткен.

6 ай қорытындысымен «е-қонақ» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген шетелдік туристер саны 39 879 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 43,87%-ға өскен. Түркістан облысына туристер ең көп келген алғашқы 10 ел төмендегідей. Өзбекстан – 29 761 саяхатшы, Қытай Халық Республикасы – 2 481 саяхатшы, Түркия – 1 822 саяхатшы, Ресей Федерациясы – 1 338 саяхатшы, Қырғызстан – 865 саяхатшы, Тәжікстан – 420 саяхатшы, Германия – 365 саяхатшы, Франция – 236 саяхатшы, Ұлыбритания – 227 саяхатшы және Жапониядан 182 саяхатшы келген.

2026 жылдың 6 айының қорытындысымен туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 65,1 млрд. теңгені құрады. 2025 жылы жалпы туризм саласы бойынша облыс аумағында жалпы соммасы 17 млрд. теңгені құрайтын 24 туристік инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биыл Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде құны 1 млрд теңгені құрайтын «Khantau» демалыс аймағының құрылысы аяқталып келеді. Ал Түркістанда жалпы көлемі 12 гектар, құны 10 млрд теңгені құрайтын ірі аквапарк кешені салынып жатыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы мәдени-рухани орталығында туристік маршуттарды арттыру және туристер санын ұлғайту мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы жүргізілуде. Сонымен қатар Түркістан қаласында «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешені салынуда.

Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылы туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу бойынша жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Облыс аумағында 117 емдік-сауықтыру орны жұмыс істейді. Жыл сайын елді мекендегі емдік-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2025 жылы 850 млн. теңгені құрайтын 3 емдік-сауықтыру ұйымы іске қосылған. 2026 жылы 2,5 млрд. теңгені құрайтын 5 емдік-сауықтыру ұйымының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Өңірде экологиялық туризм қарқында дамуда. 2026 жылдың І тоқсанымен табиғи аумақтар келушілер саны 60,1 мың адамға жеткен. Облыс бойынша табиғи аумақтарда және оған іргелес аудандарда (Төлеби, Түлкібас аудандары) 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай, 6 киіз үй, 1 аңшылар үйі орналасқан. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында Түркістан қаласындағы Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақты қамтитын «Түркістан» экобағы ашылды.

Бөлісу