Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінен келген.
Түркістан облысына келген шетелдік туристер саны 2 есе артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алдын ала есептік деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысына келген туристер саны 500 мың адамнан асып, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш 2023-2024 жылдармен салыстырғанда тұрақты өсім бар екенін аңғартады. E-qonaq жүйесі бойынша 48 400 шетелдік турист тіркеліп, бұл көрсеткіш бір жылда екі есеге көбейген. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінен келген.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің туристік әлеуетін арттыру, халықаралық нарыққа шығу және іскерлік туризмді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқармадағы өкілдер мен аудан, қала әкімдеріне туризмді дамыту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
– Түркістанға келген турист қазақтың тарихынан, мәдениетінен, руханиятынан мағлұмат алуы тиіс. Бұл ретте білікті гидтер әзірлеудің маңызы зор. Өңірдегі Туризм және меймандостық университеті жауапты басқармалармен бірлесіп, осы жұмысты жандандырсын. Туристерге қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде қызмет көрсететін және әрбір туристік-мәдени нысанның, өңірдің тарихын білетін гидтер қажет. Туризм саласындағы жұмыстарды жандандырыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының басшысы Асқар Абубакиров саланың нақты көрсеткіштері мен алдағы жоспарларын баяндады.
Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 133 млрд теңгеге жетіп, 67,9 пайызға өсті. Орналастыру орындарының қызмет көрсету көлемі 8 млрд теңгені құрап, 24,5 пайыздық өсім көрсетті. Бүгінде облыста 265 орналастыру орны жұмыс істейді. 11 туроператор, 45 турагенттік компания және 66 гид-экскурсия өкілі қызмет көрсетуде. Бұл өңірде туристік қызмет көрсету сапасын арттыруға және туристік ағынды тұрақты көбейтуге мүмкіндік береді.
Тарихи нысандарға келушілер саны 1 миллион адамға жетіп, 13 пайызға артты. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 151,9 мың адамды құрап, 18,1 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштер киелі мекеннің ішкі және келу туризмі бойынша әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді.
Саяхатшыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Түркістан және Шымкент қалаларының әуежайлары арқылы әуе қатынастары кеңейтілуде. Қазіргі уақытта аптасына 147 рейс орындалады. Негізгі әуе компаниялары қатарында Air Astana, SCAT Airlines, FlyArystan, Turkish Airlines және өзге де халықаралық тасымалдаушылар бар. Бұл бағыттағы жұмыстар туристік ағынның географиясын кеңейтуге ықпал етеді.
Өңірдің туристік өнімдерін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, араб елдері, Еуропа мемлекеттері мен Малайзия нарықтарына шығу жоспарланған. «Amazing Turkistan» бренді арқылы шетел тілдеріндегі жобалар іске қосылып, әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізілуде. Әсіресе Қытай нарығына бағытталған WeChat платформасында арнайы контент әзірленіп, алғашқы кезеңде кемінде 50 мың аудиторияны қамту көзделіп отыр.
Іскерлік туризмді дамытуға да айрықша мән берілуде. Жыл сайын 20-30 іскерлік іс-шара, инвестициялық және туризм форумдары, IT жобалар форумы мен халықаралық конференциялар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар Түркістан облысының іскерлік және оқиғалық туризм орталығы ретіндегі имиджін нығайтуға бағытталған.
Халықаралық ынтымақтастық аясында 2025 жылы 113 шетелдік туркомпанияға, 23 тревел-блогерге және 11 шетелдік БАҚ өкіліне ақпараттық тур ұйымдастырылды. Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасымен бірлесіп, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген қатысуымен «Voice Beyond Horizon» тележобасы өңірде түсіріліп, халықаралық аудиторияға ұсынылды. Бұл жоба Түркістанның туристік тартымдылығын жаһандық деңгейде танытуға мүмкіндік берді.
Жалпы, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде Түркістан облысы туризм саласын экономиканың драйверіне айналдыруды көздеп отыр. Туристік ағынды ұлғайту, инвестиция тарту, қызмет сапасын арттыру және халықаралық имиджді нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасады.


