Түркістан облысынан мәжіліске 7 үміткер ұсынылды

0
765

Түркістан облысы праймеризге қатысу көрсеткіші бойынша елімізде бірінші орында тұр.


Түркістан облысынан мәжіліске 7 үміткер ұсынылды

Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғын, «Nur Otan» партиясының 80 мыңдай мүшесі бар, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сондықтан алдағы сайлауда Парламент Мәжілісіне Түркістан облысы бойынша партиялық тізімге кімдер енетінін анықтау өте жауапты әрі маңызды іс екені анық.

Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс XL конференциясында осы сұраққа жауап табылды. Праймериз қорытындысы бойынша аудан, қалалардан ең жоғары дауыс алған 15 және облыс орталығы саналатын Түркістан қаласынан 7 үміткер, сонымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержанмен бірге жалпы 23 азамат шешуші дебатқа қатысты.

Үміткерлер 4 топқа бөлініп, сынға түсті. Олар өңірдің өзекті мәселелерін қозғап, шешу жолдарын ұсынды. Конференцияға қатысқан делегаттар арнайы кабиналарда «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы электронды форматта дауыс берді. Нәтижесінде Абасов Қайнар Бегалыұлы («Хлопко-пром-Целлюлоза» ЖШС-нің бас директоры – 127 дауыс), Ержан Құдайберген Төлепұлы (ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты – 120 дауыс), Ертаев Сырым Махамбетұлы («Қайып ата» ЖШС-нің директоры – 118 дауыс), Бақытжанова Мөлдір Бақытжанқызы (Құрманғазы Қазақ ұлттық консерваториясының опера әншісі – 115 дауыс), Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы (Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі – 110 дауыс) Қожабаев Хайрулла Байділдәұлы («Казтрансформатор» ЖШС-нің директоры – 107 дауыс) және Жұрымбетова Ұлжанат Серікбайқызы (Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасының бас дәрігері – 100 дауыс) делегаттардың сеніміне ие болып, үздік атанды.

Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жеңімпаздарға сәттілік тіледі. Көп дауыс жинаған кандидаттар ҚР Парламенті Мәжілісінің өңірлік квотасына сәйкес партиялық тізімге енгізу үшін Съезге ұсынылады.