Түркістан облысында 100-ге жуық жаңа жоба іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылды

0
1 321

Жоспардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.


Түркістан облысында 100-ге жуық жаңа жоба іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылды

Түркістан облысында 100-ге жуық жаңа жоба іске қосылып, мыңдаған жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында барлық аудан мен қала аумағында өндірістік инфрақұрылымды дамыту және шағын өндірістік парктер құру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Өңірде 29 шағын өндірістік паркте 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталды. Оның ішінде, 164 ғимараттың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркті қоспағанда, Сауран ауданындағы 8 өндірістік паркте 26 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 767 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалардың басым бөлігі жиһаз өндірісі мен құрылыс материалдарын шығаруға бағытталған.

Түлкібас ауданында 4 өндірістік парк құрылған. Оның екеуі – мал бордақылау және ет өндіру кешендері болса, біреуі – жүк көліктеріне қызмет көрсету кешені. Бүгінде бұл парктерде 10 мал бордақылау кешені мен 4 жүк көлігіне қызмет көрсету орталығы жұмысын бастады. Сонымен қатар «Майлыкент» өндірістік паркінде 6 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталу сатысында.

Шардара ауданында жалпы құны 530 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 31 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалар құрылыс материалдарын, фасадтық жабдықтар мен жиһаз өндірісін қамтиды.

Қазығұрт ауданында 450 млн теңге көлеміндегі 6 жоба жүзеге асырылып, 22 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорындар желдеткіш құралдарын, матрас, фасадтық материалдар мен жиһаз өндіруге маманданған.

Ордабасы ауданында жалпы инвестиция көлемі 1 250 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 53 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұнда сұйық және ұнтақ түріндегі кір жуғыш заттар, түйіршіктелген құрама жем, тұрмыстық химия, шыны өнімдері мен металл бұйымдарын шығаратын өндірістер ашылды.

Отырар ауданында 305 млн теңгеге 5 жоба іске асырылып, 21 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалар аясында темір бұйымдары, брусчатка, құрама жем өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіру бағытындағы кәсіпорындар іске қосылды.

Төлеби ауданында жалпы құны 1 200 млн теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 85 жаңа жұмыс орны құрылды. Жобалар аясында жиһаз өндірісі, есік-терезе жасау, алюминий және темір бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар ашылды.

Созақ ауданында 335 млн теңге көлеміндегі 4 жоба жүзеге асырылып, 51 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұнда темір бұйымдарын өндіру, дәнекерлеу цехы мен жылыту қазандықтарын шығару, арнайы жұмыс киімдері мен тұрмыстық қолғаптар тігетін өндірістер іске қосылды.

Жетісай ауданында жалпы құны 375 млн теңгені құрайтын 3 жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде 60 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобалар темір бұйымдары мен жиһаз өндірісі, сондай-ақ қазандықтар шығаруға бағытталған.

Бәйдібек ауданындағы өндірістік кешен аумағында жалпы 5 жобаны орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 3-еуі іске қосылып, тігін шеберханасы, тігін мектебі және сауықтыру орталығы өз жұмысын бастады.

Қалған аудан-қалаларда өндірістік парктерге жаңа жобаларды тарту және орналастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» толықтай жұмылдырылған.

Өндірістік парктерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар апта сайын штаб отырыстарында қаралады. Жоспардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында.

Бөлісу