Түркістан облысында 23 елдімекен газбен қамтылады

0
721

Маусым айында көгілдір отынның қысымын көтеру мақсатында АГРС құрылысы жүргізіледі.


Түркістан облысында 23 елдімекен газбен қамтылады

Мақтаарал ауданындағы 23 елдімекен газдандырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен өзінің тарихи атауы мен статусына қайта қол жеткізген Мақтаарал ауданы алғашқы күнінен бастап дамудың жолына түскен. Күн санап жол, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік және құрылыс секілді басым салаларда ілгерілеушілік байқалады. Аудан тұрғындары да жергілікті билікке базынасын ашық айтып, шешілу жолдарын бірге қарастырып келеді. Бұл бағытта аудан ақсақалдары мен жастардың рөлі басым. Сондай кезекті басқосу Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде өтті.

Жиынға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, «Nur Otan» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Досым Асабаев пен аудандық мәслихат депутаты Сүндет Кенжебаев, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков, округ әкімі Нұрғали Елшібаев пен ауыл тұрғындары қатысты.

Мақсат – Ынталы елді мекені жастарының аудан әкімі Бақыт Асановтың атына жазған өтініштерін талқылау, қосымша ұсыныс-пікірлерін тыңдау, шешілу жолдарын бірге қарастыру болды.

Жазылған өтініш бойынша ауыл тұрғындары бұқаралық спортты дамыта отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт алаңшаларын, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастырулары үшін мәдениет үйінің, «Ы.Алтынсарин» атындағы жалпы орта мектебіне қосымша оқу корпусының, ауыз су, ағын су мен көгілдір отын мәселесін, тік дренаждарды іске қосу, көшелерді жарықтандыру қажеттілігін айтып, интернет жылдамдығының сапасын жақсартуды өтінген болатын. Айтылған өтінішке байланысты аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков тиісті сала басшыларының жауаптарын тыңдады.

Өткен жылы орын алған төтенше жағдайға байланысты бірқатар жоспарлы жұмыстардың кейінге шегерілгенін айтқан аудан әкімінің орынбасары елді мекенге спорт алаңшасының құрылыс жұмыстарының бастау алғанын, ал, мәдениет үйі 2023 жылы салынатындығын жеткізді.

Сонымен қатар, мамандардың мәліметінше аудандағы 23 елді мекенді газдандыру бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асырылады екен. Маусым айында көгілдір отынның қысымын көтеру мақсатында АГРС құрылысы жүргізіліп, Жаңа жол, Ж.Нұрлыбаев пен Достық ауылдық округтеріне магистральді газ құбырларының құрылысы басталмақ. Одан бөлек, аудандағы 10 елді мекеннің ауыз су мұнараларын ауыстыруға 28 млн теңге жергілікті қазынадан қаржы қаралған. Көшелердің жарықтандыру жұмысы да мамыр айының соңына аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Елді мекен тұрғындарының белсенділігі бізді қуантып отыр. Сіздер көтерген мәселелердің әрбірі елдің игілігіне бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, әкімдер мен депутаттар атқарылар жұмыстарыңызды жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, жүйелеулеріңіз керек.

Өткен жылы аудандағы, әлемдегі орын алған төтенше жағдайларға қатысты бірқатар жұмыстар кейінге қалдырылған болатын. Міне, соларды кезең-кезеңімен өздеріңізбен бірге жүзеге асыратын боламыз. Жұмыстың сапасы аудан басшысының жеке бақылауында» деді аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.

Жиын соңында жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берген аудан әкімінің орынбасары жиынға қатысушылардың қосымша ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Атқарушы билік пен жергілікті тұрғындар арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында округ әкімдігінің ғимаратына бөлім басшылары мен аудан әкімі орынбасарларының байланыс телефондарын, жетекшілік ететін салаларын жазып, іліп қоюды қадап тапсырды.