Түркістан облысында 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

0
104

Бүгінде 8 нысан ел игілігіне тапсырылды.


Түркістан облысында 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр

2026 жылы Түркістан облысында 45 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел аумағында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын қарқынды жүргізу жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.

Биыл Түркістан облысында құрылыс басқармасы арқылы жалпы 45 әлеуметтік нысанның құрылысына 31,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 19 нысанға құрылыс басқармасы, 23 нысанға аудан, қала әкімдіктері, 3 нысанға қорлар тапсырысшы болып отыр. Жыл қорытындысында 32 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, ал 13 нысан келесі жылға өтпелі. Бүгінде 8 нысан ел игілігіне тапсырылды.

Облыста білім беру саласында 16 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 8 мектептің құрылысына қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда екі мектеп пайдалануға беріліп, қалған алты мектепті жаңа оқу жылы қарсаңында аяқтау көзделген.Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 4 жаңа буын өкілдерін дамыту орталығы бой көтеруде.

Денсаулық сақтау саласында 4 нысанның құрылысы қолға алынған. Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының қолдауымен салынып жатқан 80 орындық перзентхананың құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 70 пайызға жетіп, медициналық құрал-жабдықтар толық сатып алынған. Нысанды тамыз айында аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды.

Мәдениет саласында 13 нысанның құрылысына 5,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 5 нысан пайдалануға берілді, қалған мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында 10 нысанға 3,4 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде Сауран ауданындағы спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы бес спорт нысаны ел игілігіне тапсырылмақ. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландыруымен салынған ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі пайдалануға беріліп, екіншісі тамыз айында ашылады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне әлеуметтік нысандардың құрылысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, қаржының тиімді игерілуін және өндірістік кестеден кешіккен нысандар бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Бөлісу