Кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілді.
Түркістан облысында жыл басынан бері 80 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында 2026 жылдың 8 айында 79 069 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, Президент бекіткен ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар аясында 286 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 2 465 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Есепті кезеңде 250 жоба іске асырылып, 2 305 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, 186 жоба бойынша 1 266 жұмыс орны мемлекеттік қаржы есебінен, ал 64 жоба бойынша 1 039 жұмыс орны жеке инвестициялар есебінен ашылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы аясында 19 878 жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 35 004 адам тұрақты жұмыс орындарына, 21 175 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. Кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында 727 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жоспарлы көрсеткіштерді толық қамтамасыз ету, әсіресе жастарды жұмыспен қамту, инвестициялық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарын ашу және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.
– Жұмыспен қамту саласы бойынша 2026 жылға бекітілген көрсеткіштердің толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Қосымша инвестициялар тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар керек. Осы мәселе бойынша анализ жасаңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Аппарат отырысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелер туралы баяндады.
Биыл облыс әкімімен бекітілген «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде Ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдамалар шеңберінде – 2 465, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы бойынша – 11 476, субсидияланатын жұмыс орындары есебінен – 18 530, мемлекеттік гранттар арқылы – 1 450 жұмыс орнын қамту көзделген. Сонымен қатар облыста 40 595 бос жұмыс орны ұсынылуы жоспарланған.
Биыл 80 инвестициялық жоба бойынша 1 138 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Қазіргі таңда 64 жоба іске қосылып, 1 039 жұмыс орны ашылды.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында биыл 1 450 азаматқа 2 508,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінде бірінші лек бойынша 721 азамат грант алды. Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту үшін жылға 180 квота орны бекітіліп, оның 178-і орындалды. Жоспардың орындалуы 98,9%-ды құрады.
Аппарат мәжілісінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың облыс бюджетінің кредиторлық берешегі бойынша атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізілген талдау нәтижесі баяндалып, өтеу мүмкіндіктері ұсынылды.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға коммуналдық кәсіпорындардың қаржылық-шаруашылық қызметіне толық талдау жүргізіп, экономикалық негізделген тарифтерді кезең-кезеңімен енгізу, кіріс пен шығыс теңгерімін қамтамасыз ету және жинақталған берешекті өтеудің ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеуді тапсырды.


