Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

0
2 521

Облыс басшысы газ пештерін орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларға шара көруді міндеттеді.


Түркістан облысында газ желілері жаппай тексеріледі

Түркістан облысында әр үйдегі газ құрылғыларының орнатылу тәртібі жаппай тексеріледі, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Табиғи газды тұрмыста пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық мәжілісте осындай тапсырма берді. Облыс басшысы газ пештерін орнатуда жіберілген қателіктер үшін жауаптыларға шара көруді міндеттеді.

«Бүгіннен бастап, барлық әкімдерге де айтамын, газ кірген жерлердің барлығын тексеріп шығу керек. Шұғыл түрде. Әр ауланы аралап жүріп, тексеру керек. Қажет болса, сол газды орнатқан мекемені жазалау керек», –деді облыс әкімі.

Облыс басшысының төрағалығымен өткен отырыста орталықтандырылған газ жүйесіне қосылған тұрғын үйлерді толықтай тексеріп шығу, жазатайым оқиғаның алдын алу жүктелді. Талап бұзылғандар табиғи газдан ажыратылуы мүмкін. Осы мәселеге қатысты облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов баяндама жасады. Айтуынша, жылыту маусымы басталғалы үгіт-насихат жұмыстарының барысында 45 мыңнан астам өрт қауіпсіздігінің кемшіліктері анықталып, ретке келтірілген.

«Арнайы топ камин пештер пайдаланбауға, одан бөлек шатырдан шыққан құбырларды да бекітіп қоюға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке орай, тұрғындардың көпшілігі біз кеткен соң, қайтадан өз дегендерін істеп, қауіпсіздік ережелерін бұзуда. Оған дәлел, екінші рет барғанда анықталып жатқан фактілер де бар. Төтенше жағдай саласы тарапынан осы камин пештерін пайдаланғаны үшін әкімшілік шараға тарту немесе оны тоқтату талаптары қарастырылмаған»,– деді департамент басшысы.

Облыс аумағында жалпы 376 мыңнан астам жеке тұрғын үйлер есепке алынған. Оның 204 мыңнан астамы табиғи газ пайдаланады. Бұдан бөлек, өңірде 1,5 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан.