Қос мақсаттағы тіректер бір мезетте бірнеше міндетті атқарады: олар көшелерді жарықтандырумен қатар, мобильді байланыс операторларының телекоммуникациялық жабдықтарын орналастыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында мобильді байланысты дамытуға арналған қос мақсаттағы тіректер орнатылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында мобильді интернет сапасын арттыру және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында жаңа жоба жүзеге асырылуда. Өңір аумағында 20-ға жуық қос мақсаттағы тірек орнатылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Түркістан қаласында – 13, Кентау қаласында 3 тірек орнату жоспарланған. Қазіргі таңда оның 2 екеуі орнатылып, іске қосылды. Қалған тіректер жыл соңына дейін орнатылады. Бір тірекке бір мезетте мыңға жуық абонент қосыла алады.
Қос мақсаттағы тіректер бір мезетте бірнеше міндетті атқарады: олар көшелерді жарықтандырумен қатар, мобильді байланыс операторларының телекоммуникациялық жабдықтарын орналастыруға мүмкіндік береді.
Сыртқы келбеті жағынан мұндай тіректер кәдімгі жарықтандыру бағандарынан ерекшеленбейді. Ал қажетті байланыс жабдықтары конструкцияның ішкі бөлігіне орналастырылады. Бұл шешім мобильді байланыс желісінің өткізу қабілетін арттыруға, интернет қамту сапасын жақсартуға және телекоммуникациялық инфрақұрылымды қаланың сәулеттік келбетіне үйлесімді түрде енгізуге мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі – жаңа байланыс нысандары үшін қосымша конструкциялар орнатудың қажеті жоқ. Яғни, бір тірек әрі жарықтандыру инфрақұрылымы, әрі цифрлық байланысты қамтамасыз ететін заманауи телекоммуникациялық нысан ретінде қызмет етеді.
Бұл тәсіл әсіресе халық саны өсіп, цифрлық сервистерге сұраныс артып келе жатқан елді мекендер үшін маңызды. Бүгінде мобильді интернет тек байланыс құралы ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріне, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, білім алуға, кәсіпкерлік пен түрлі цифрлық сервистерге тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымға айналды.
«Қос мақсаттағы тіректерді орнатудың негізгі мақсаты – тұрғындар үшін мобильді байланыстың қолжетімділігі мен интернет сапасын арттыру.
Өңірдің қарқынды дамуына байланысты телекоммуникациялық инфрақұрылымға қойылатын талаптар да артып келеді. Сондықтан байланыс жабдықтарын қолданыстағы қалалық инфрақұрылыммен ықпалдастыру – тиімді әрі заманауи шешім. Мұндай жобалар цифрлық инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, елді мекендердің сәулеттік келбетін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Байдәулет Абай.
Жоба аясындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады. Алдағы уақытта мұндай тіректердің функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.
Атап айтқанда, оларды бейнебақылау камераларын, ауа сапасын өлшейтін датчиктерді, интеллектуалды жарықтандыру жүйелерін және Smart City бағытындағы басқа да цифрлық шешімдерді орналастыру үшін пайдалануға болады.
Осылайша, қарапайым жарықтандыру тірегі болашақта бірнеше цифрлық сервисті біріктіретін көпфункционалды инфрақұрылымдық нысанға айналуы мүмкін.
Жоба өңірдегі мобильді интернет сапасын жақсартуға, цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға және заманауи технологияларды елді мекендердің қолданыстағы инфрақұрылымымен тиімді үйлестіруге бағытталған.


