Түркістан облысында өрт саны азайған

0
281

2026 жылдың басынан бері өңірде 43 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 26-сы балалардың қатысуымен болған.


Түркістан облысында өрт саны азайған

Түркістан облысында 2026 жылдың басынан бері өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нәтижесінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт саны 4%-ға азайған. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелханов мәлімдеді.

«Жыл басынан бері мемлекеттік өрт бақылауы аясында 1 521 тексеру жұмыстары жүргізіліп, құқық бұзушылықтарға жол берген 915 тұлғаға айыппұл салынды. Сонымен қатар, облыс аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында орын алған өрттердің алдын алу бағытында да бақылау күшейтіліп, заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға 8,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ, табиғи өрттердің алдын алу мақсатында Түркістан және Қызылорда облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттері арасында трансшекаралық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті» - деп баяндады басқарма басшысы.

Брифинг барысында аталған департаменттің Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Фурхат Жолдасов өңірдегі су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының жүргізілуі туралы баяндады.

«2026 жылдың басынан бері өңірде 43 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 26-сы балалардың қатысуымен болған. Оқиғалардың басым бөлігі балалардың ересектердің қарауынсыз су айдындарына баруы және рұқсат етілмеген жерлерде шомылуы салдарынан орын алған. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыс аумағында шомылуға тыйым салынған 111 қауіпті орын анықталды. Сонымен қатар, 54 жаппай демалуға арналған орын және туризм мен спортқа арналған 16 орын белгіленген. Қазіргі таңда 18 қауіпсіз жағажай халыққа қызмет көрсетуде, ал 13 нысанда қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік осал топтағы балаларды жүзуге үйрету мақсатында 48 кәсіпкермен меморандум жасалып, бүгінге дейін 1 867 бала жүзуді үйренді. Су айдындарындағы қауіпсіздікті бақылау аясында жыл басынан бері 742 рейдтік және патрульдік іс-шара өткізіліп, 152 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 2,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды» - деді спикер.

Бөлісу