Кездесу барысында лифт және эскалаторлар шығаратын жаңа өндіріс орнын Түркістан облысында іске қосу мәселесі қаралды.
Түркістан облысының әкімі қытайлық инвесторлармен кездесіп, жаңа өндіріс жобасын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге инвестиция тарту мақсатында Қытай Халық Республикасынан келген ірі өнеркәсіптік компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында лифт және эскалаторлар шығаратын жаңа өндіріс орнын Түркістан облысында іске қосу мәселесі қаралды.
Шетел инвесторлары атынан келген делегация заманауи жолаушы және жүк жетелсатылары, эскалаторлар мен траволаторлар өндірісімен айналысатын компанияның өңірдегі өндірісті іске қосуға ниетті екенін жеткізді. Жоба аясында индустриялық аймақ аумағында зауыт салу, қазақстандық мамандарды оқыту, сондай-ақ жергілікті қамтуды кеңейту көзделіп отыр.
Кездесуде облыс әкімі инвесторларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен инфрақұрылымдық артықшылықтары туралы кеңінен таныстырып өтті.
Атап айтқанда, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, 20-дан астам индустриялық аймақ, сондай-ақ білікті жұмыс күші мен көлік-логистикалық инфрақұрылымның қолжетімділігі шетелдік кәсіпкерлерге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Түркістан – қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, инвестициялық тартымдылығы артуда. Біз өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз. Лифт және эскалаторлар өндірісі – бұл импортқа тәуелді салалардың бірі. Облыс аумағында жыл сайын 1 миллион шаршы метр көлемінде тұрғын үйлер құрылысы жүргізіледі. Сондықтан сіздердің бастамаларыңыз өзекті және біз оны толық қолдауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Қытайлық кәсіпкерлер өз кезегінде жобаны жақын арада іске қосуға ниетті екендерін айтып, құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды жеткізу бойынша нақты жоспарларымен бөлісті. Соның нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің индустриялық әлеуеті артады. Сонымен қатар өндірілген өнімдер Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия елдеріне экспортталуы көзделіп отыр.
Кездесу соңында тараптар өзара түсіністікке қол жеткізіп, ынтымақтастықты нақты істермен жалғастыруға уағдаласты.