Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені ардагер журналист, Сарағаш ауданының Құрметті азаматы Асхан Майлыбаева иеленді.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында Журналистер күні мерекесі және «Ордабасы оттары» газетінің 90 жылдық мерейтойы аясында «БАҚ жұлдыздары» атты байқау өтті.
Аудан әкімдігі қолдауымен және жергілікті азаматтардың демеушілігімен ұйымдастырылған байқауға Түркістан облысы және Шымкент қаласының БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара Базарбек Түкібайдың сөзіне жазылған Құрманәлі Жылқыбайдың «Журналистер» әнімен ашылды. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз сөз алып, БАҚ өкілдерін мерекемен құттықтады.
Байқауға қатысушылар екі нөмірде өнерлерін көрсетіп, елге белгілі тұлғалардан құралаған қазылар алқасы әділ бағасын берді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені ардагер журналист, Сарағаш ауданының Құрметті азаматы Асхан Майлыбаева иеленді. Бірінші орын композитор, мәдениет саласының үздігі Бекжігіт Сердәліге бұйырды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті, «Түркістан» телеарнасы, Түркістан облыстық «Қазақ тілі» қоғамы және басқа да ұжымдар атынан ерекше көзге түскен таланттарға арнайы жүлделер тарту етілді.
Іс-шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушылар «Ордабасы оттары» басылымының шежірелі тарихымен танысты.
Айта кетейік, жоба авторлары Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Құрманәлі Жылқыбай мен белгілі сатирик, журналист Базарбек Түкібай. Жоба жетекшілері аталған байқауды республикалық деңгейде ұйымдастыруға ниетті екенін жеткізді.