Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 30 млрд. теңгеге жақындаған екен.
Отырар ауданында былтырғы 9 айда өндірілген өнім көлемі 22 млрд. теңгеге жуық болса, биыл 80 млрд. теңгеден асып түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан өңірлік коммуникация алаңында Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов БАҚ өкілдерімен жүздесіп, елу мыңнан астам халқы бар өлкеде биылғы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, былтырғы 9 айда өндірілген өнім көлемі 22 млрд. теңгеге жуық болса, биыл 80 млрд. теңгеден асып түскен. Оның ішінде – негізгі капиталға 26 млрд. 389 млн. теңгеден астам инвестиция тартылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. теңгені құраса, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 30 млрд. теңгеге жақындаған екен.
Сонымен бірге биыл ауданда ірі және шағын инвестиция бағыттары бойынша бір-бір жоба іске қосылыпты. Олардың бірі – құны 12,5 млрд. теңгені құрайтын және елу адамды жұмыспен қамтыған күн электр стансасы болса, екіншісі – бір мезетте елу адамды қабылдай алатын қонақүй. Одан бөлек қазіргі таңда жүгеріден биоэтанол өнімін шығару, сүт және құрама жем өндіру, тауарлы балық шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін ұлғайту, шұжық цехын іске қосу бағыттары бойынша алты жоба жүзеге асырылып жатыр. Ал «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жалпы құны 621 млн. теңгеден асатын 118 жобаға жеңілдетілген несие берілген.
«Биыл аудандағы тарихи орындарға 240 мыңға жуық турист келген. Өңірде үш мыңға жуық азамат жұмыспен қамту шараларына жолданып, тұрмысы төмен азаматтар саны 3,5 пайызға азайды. Аудандағы 38 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылса, тоғыз айда 13 елді мекенге табиғи газ берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 ауылға көгілдір отын жеткізу жоспарланса, тағы 12 елді мекенге газ жүйелерін жүргізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 10 ішкі көшеге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 17 көшеге орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 6 ауылға балаларға арналған ойын алаңшасын, 5 елді мекенге спорт алаңын салып, абаттандыру жобалары іске асырылып. Оған қоса биыл көлемі 13 251 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға берілсе, бірнеше ауылға медициналық мекемелер салу және тозығы жеткен нысандарды жөндеу көзделіп отыр. Бірнеше ауылда мектеп салу жоспарланса, қазір аудан орталығында бір жайлы мектеп бой көтеруде», - деді Сәкен Асылханұлы.
Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, қазір от тілді, орақ ауызды ақындар өлкесінде бір аудандық, 9 ауылдық мәдениет үйі мен 9 ауылдық клуб, орталық кітапхана, балалар кітапханасы мен 23 ауылдық кітапхана қызмет көрсетіп, тоғыз айда жеті жүзге жуық мәдени іс-шара өткізілген. Ал спорт саласында аудан, облыс және республикалық деңгейдегі жүзден аса сайыс ұйымдастырылып, 11 мыңнан астам спортшы бақ сынаған. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп саласына айрықша көңіл бөлініп, аудан көлемінде орын алған қылмыс саны өткен жылғыға қарағанда 24 пайызға азайыпты.