ТҮРКІСТАН: Отырарда жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды

0
2 136

Сенбілікке 3500-ге жуық адам қатысып, 30-дан аса техника жұмылдырылды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды

Бүгін Отырар ауданы әкімдігі мен "Заречное" бірлескен кәсіпорнының ұйытқы болуымен «Бірге-Таза Қазақстан» экологиялық тазалық акциясы аясында жалпыхалықтық сенбілік өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сенбілікке барлық ауыл округтері мен дербес бөлім қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен ауданның ерікті жастары және аудан тұрғындары, жалпы аудан бойынша 3500-ге жуық адам қатысып, 30-дан аса техника жұмылдырылды.

Аудан тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың табиғатты аялауына және аудан тазалығын сақтауға бағытталған тәрбиелік мәні зор шараға арнайы барып қатысқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов, "Заречное" бірлескен кәсіпорнының бас директоры Жанарбек Сүлейменов өзіміз туған өлкеміздің тазалығына жете мән беріп, қоршаған ортаның тазалығына бір кісідей атсалысу, сол арқылы жас жеткіншектерге үлгі көрсету әрбіріміздің азаматтық борышымыз екендігін сөз етіп, көпшілікті сенбілік жұмыстарына біркісідей атсалысуға шақырды.

Сенбілік жұмыстары барысында көшелер мен саябақтар, арық-атыздар тазаланып, көшеттер мен талдар әктелді. Аудандық мәслихат депутаттары мен "Нұр Отан" партиясы аудандық филиалының өкілдері бірлесіп "Қобыз - Домбыра" композияциялық кешенін сырлап, әрлеу жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек арнайы орындар мен мекемелердің қоршаулары сырланып, аудан ортылығындағы Ұ.Арғынбеков, Жібек Жолы даңғылдары мен Р.Әбдірайымов, С.Ерубаев, Т.Әубәкіров, Д.Алтынбеков, Т.Бозшабаев, Ә.Молдағұлова М.Әуезов, Н.Оңдасынов, Ә.Жылқышиев, А.Дәрібаев көшелерінің бойындағы арам шөптер оталып, қоқыс қалдықтары тазартылды.

Көпшілікті тазалыққа, табиғатқа жанашырлық танытуға үндеген шара тек мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері тарапынан ғана емес, жергілікті тұрғындардың да қызу қолдауына ие болды. Сенбілік жұмыстарына аудан орталығынан бөлек Қарақоңыр, Талапты, Қарғалы, Шәуілдір, Қоғам, Темір, Шілік, Ақтөбе, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округтерінің тұрғындары да қатысып, белсенділік танытты.

Жалпыхалықтық шара барысында ауызбіршілік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсеткен көпшілік көңілді әрі белсенді қимылдап, тазалық жұмыстарына біркісідей атсалысты.