ТҮРКІСТАН: Салтанат Тұрсынбекова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтерді

0
756

«Көзбояушылық үшін жасалған пандустар, санадағы кедергілер».


ТҮРКІСТАН: Салтанат Тұрсынбекова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтерді

Кандидат Салтанат Тұрсынбекова мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдастығының «Ғиззат» мотивациялық орталығында болды.


«Бұл қоғамның үлкен бір бөлшегі, оны қоғамға біріктіру керек. Бірде-бір азамат оқшауланбауы керек, өзін артық немесе қажетсіз сезінбеуі тиіс. Бұл орталық әлеуметтік ортаға бейімделумен, оңалтумен айналысады. Бұл - маңызды жұмыс. Ең мұқтаж жандарға қамқорлық жасалған жерде ғана басқалар бақытты бола алады», – деді кездесуде Салтанат Тұрсынбекова.


Оның айтуынша, балаларға ғана емес, ересектерге де, мүмкіндігі шектеулі туыстарына қамқорлық жасайтын адамдарға да көмек көрсету маңызды.


«Бұл туралы Қарағандыда қоғам белсенділерімен кездесуде де айттым. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қамқорлық жасайтын адамдарға қолдау көрсету маңызды. Бүгінде жәрдемақы мен зейнетақы отбасылардың ең қарапайым қажеттіліктерін өтей алмайды. Мүгедек баласы бар анаға айына небәрі 52 мың теңге бөлінеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Оның үстіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылым да ойластырылмаған. Бір мәселе - пандустар. Оның өзінде тек ірі қалаларда. Олардың көпшілігі сыртқы келбет үшін орнатылған, бордюрлердің дәл алдына қойылған. Ал зағип, есту қабілеті нашар азаматтарға және басқа да диагноздарға арналған инфрақұрылым ше? Біз жағдайды өзгертуіміз керек», - деді Салтанат Пархатқызы.


Сонымен қатар, үміткер халықтың осы тобын қолдауға елімізде қаражаттың жеткіліксіз бөлінетінін ашық айтты.


«19 миллионнан астам халқы бар елде мұндай шағын топқа көмектеспеу - үлкен қылмыс. Үкімет бар жерде қаражат бар. Сондықтан, «ақша жоқ» деген сылтаулар ақылға сыймайды. Біз қазақстандықтардың өмірін жақсартуды жылдар бойы күте алмаймыз. Өзгеріс бүгін және ертең қажет», - деді ол.