ТҮРКІСТАН: Сауран ауданы экономикалық өсім бойынша облыста көш бастады

0
162

Үздік үштікке Түлкібас және Қазығұрт аудандары енді.


ТҮРКІСТАН: Сауран ауданы экономикалық өсім бойынша облыста көш бастады

Сауран ауданы экономикалық өсім бойынша облыста көш бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша үздіктер анықталды. Нәтижесінде аудан және қала әкімдіктері арасында Сауран ауданы І орынға ие болды. Сондай-ақ, үздік үштікке Түлкібас және Қазығұрт аудандары енді.

Сауран ауданының көшбасшылық көрсеткіші өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың тиімді іске асырылуының, кәсіпкерлікті қолдау шараларының және әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Мәселен, ауданда индустриалды аймақта жалпы құны 20,4 млрд теңгені құрайтын «Orzax Central Asia» биологиялық белсенді қоспа өндіру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 500 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Жалпы 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткіші бойынша 126,3 пайызға жетіп, республикада І орынға шықты. Алғашқы алты айда өңірде 873,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 423,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Сонымен қатар, негізгі капиталға 894,6 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен.

Бөлісу