Қазіргі таңда ауданда 1379 азамат тұрғын үй алу үшін кезекте тұр.
Сауран ауданының Жүйнек елді мекенінде жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, баспана иелеріне жаңа үйлерінің кілтін тапсырды. Бұл тұрғын үй кешенінің жобасы аудандық мәслихат депутаты Ержан Мұстапаевтің бастамасымен жүзеге асты.
Шараға облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байспаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов және аудандық мәслихат депутаттары да арнайы қатысты. Олар жаңа баспаналардың тұрғындарына құттықтау сөздерін айтты.
Жаңа тұрғын үйлер Сауран ауданындағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған. Қазіргі таңда ауданда 1379 азамат тұрғын үй алу үшін кезекте тұр. Осы азаматтардың бірқатарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл Жүйнек елді мекенінде 1 қабатты, 4 пәтерлі 4 үйдің құрылысы (барлығы 16 пәтер) жүргізіліп аяқталды. Бұл жоба «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылды.