ТҮРКІСТАН: Шардарадағы басты су торабы зерделенді

0
88

Аудан аумағындағы бас су торабында туындаған мәселелер дер кезінде шешіліп, жағдай тұрақты бақылауға алынған.


ТҮРКІСТАН: Шардарадағы басты су торабы зерделенді

Шардарадағы бас су торабы мен ауыз сумен қамту жұмыстары зерделенді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы Шардара ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан аумағындағы бас су торабында туындаған мәселелер дер кезінде шешіліп, жағдай тұрақты бақылауға алынған. Осы мақсатта арнайы штаб құрылып, салаға жауапты мамандардың қатысуымен нақты шаралар жүзеге асырылуда.


Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет Шардара ауданындағы су нысандарын аралап, қаладағы бас су торабының жұмысын қадағалады. Шардара су қоймасында орналасқан Қызылқұм магистралдында және «Арнасай» су бөгетінде болды. Су тапшылығын жою бағытында сала мамандарымен кеңесіп, жауапты тұлғаларға аталған мәселе бойынша үздіксіз жұмыс істеуді тапсырды.


Қуаттылығы тәулігіне 9 000 м³ болатын бас су торабында бүгінде 6 520 абонент тіркелген. Су торабы 4,19 гектар аумақта орналасқан және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. «Шардара сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты бұл су торабы 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда келіп құятын су арнайы тазартылып, тұтынушыларға жеткізіледі.


Қазіргі таңда су торабына қосымша сорғы орнатылып, диаметрі 200 мм болатын полиэтилен құбыры іске қосылды. Тұрғындарға су тасымалдау жұмыстары жүйеленіп, арнайы понтон жеткізіліп, насостар орнатылды. Сонымен қатар 10 су тасымалдаушы көлік пен 28 дана су ыдысы жеткізілді.


Сапар барысында өңір басшысы Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Тама-Тастанбек» жерасты су қоры учаскесіндегі «Шардара топтық су құбыры» жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мамандар мен мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.


Аталған жобаның құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған. Топтық су құбырының жалпы ұзындығы 39,28 шақырымды құрайды. Қуаттылығы тәулігіне 12 000 текше метрге жетеді. Қазіргі таңда ұзындығы 13 шақырым болатын екі су құбыры тартылып, 26 дана су реттегіш камера орнатылған. Сонымен қатар диаметрі 500 мм болатын екі магистральды құбыр салынып, әрқайсысының сыйымдылығы 3600 м³ болатын екі су жинағыш резервуар орнатылды. Жоба аясында жалпы саны сегіз ұңғыма іске қосылған.


Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда қаладағы 32 мыңға жуық тұрғын толық ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Құбырдың тәуліктік қуаттылығы – 12 000 м³, ал жобаның жалпы құны – 4,5 млрд теңге.


Айта кетейік, 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнына қайта барлау жұмыстары жүргізіліп, су қоры ресми түрде бекітілген болатын. Жоба аясында Шардара қаласы мен оған іргелес 22 елді мекендегі ауыз су мәселесін толық шешу жоспарланған.

Бөлісу