Кәсіпкер наурыз айынан бері 18 мыңға жуық құс етін сатқан.
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылдық округінде тұратын Мұхтар Бекарыстанәлі бүгінде етті бағыттағы құс шаруашылығын дамытып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Шардара құс» фермасы биылғы жылдың наурыз айында іске қосылған. Аумағы 4500 шаршы метрді құрайтын ферманың сыйымдылығы 6 мың бас құсқа есептелген, қуаттылығы жылына 50 тонна құс еті. Бұған дейін «Авганка», «Несушка», «Японка» және «Бройлер» сынды тауықтарды өсіріп, сұранысқа қарай сатып келген кәсіпкер Мұхтар Бекарыстанәлі енді етті бағытта құс өсіруді қолға алып отыр.
Кәсібінің қыр-сырын көршілес Өзбекстанның Жызақ қаласындағы әріптестерінен үйреніп, тәжірибе де алмасып келген. Бүгінде «Қайнар құс» ЖШС-мен келісім-шарт арқылы «Бройлер 308» деп аталатын құс түрінің бір күндік балапандарын әкеліп, соларды өсіріп, етті бағытта өткізумен айналысып отырған шағын фермада ауылдың 5 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Біз «Қайнар құстан» бір күндік балапандарды алып келіп, 30-40 аралығында бағамыз. Осы уақыт аралығында әрбір құс орта есеппен 1,5 – 2 келі салмақ береді. Максималды салмағы 8 келіге дейін жетеді бұл құстың. Негізінен 30 күнде соя бастаймыз. Өйткені, сұраныс солай. Қазір біз аудандағы гриль пісіретін бірқатар нүктелер мен біраз мектептердің, балабақшалардың асханаларын тауық етімен қамтамасыз етіп отырмыз. Алдағы уақытта мемлекеттен 10 млн-ға жуық несие алып, жұмысымыздың ауқымын кеңейтіп, өнімділікті арттырсақ деген ниеттеміз. Бұл мақсатта қазір тиісті жұмыстарды атқарып, құжаттарды рәсімдеп жатырмыз», - дейді «Шардара құс» фермасының іс жүргізушісі Әбдірахым Бекарыстанәлі.
Тұтынушылардың денсаулығын басты назарда ұстайтын кәсіпкер тауықтарға беретін жем-шөбі мен орындарын жіті назарда ұстайтынын айтады. Апта сайын дезинфекция жұмыстарын жүргізіп, Шымкент қаласынан құрамында 18 түрлі дәрумені бар жемді арнайы тапсырыспен алдырады екен.
«Басты мақсатымыз пайда табу емес, тұтынушыларымызға сапалы өнім ұсыну. Біз ұсынған өнімдерді тек ересектер ғана емес бүлдіршіндер де тұтынатындықтан санға емес сапаға жұмыс істейміз», - дейді кәсіпкердің өзі.
Іске қосылған наурыз айынан бері 18 мың дана құс етін саудалап үлгерген жаушықұмдық жас кәсіпкер қорасында ірі қара ұстап, үндік өсіреді, шлакоблок шығарумен де айналысады. Осылайша отбасылық бизнесті дамытып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге үлес қосып келеді.
Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітовтің айтуынша алдағы уақытта жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығын іске қосу да жоспарланып отыр.