Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты

0
304

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы сөз басында қонақжайлық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты.

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін айтты.

– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды.

– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы бұл бағытта тиімді жұмыс атқаруға дайын. Сонымен қатар заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар салу, ішкі нарыққа және экспортқа арналған дайын тағам өнімдерін өндіру бағыттарының келешегі зор.

Президенттің пікірінше, халықаралық аренадағы өзгерістер кезеңінде Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы елдеріміз тек келісімді әрі үйлесімді әрекет еткенде ғана аймақтың әлеуеті толық ашылатынына сенімді.

– Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін Жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу мәселесін қарастырған жөн. Аймақтың әлеуетін одан әрі нығайту үшін Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынамыз. Шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы кең мүмкіндікке жол ашады. Оны дамыту аясында жоғары технологиялық жобаларды іске қосуға баса назар аударған жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар назарын сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ықпалдастық перспективасына аударды.

– Мемлекеттеріміз әзірге толық барланбаған, бірақ айтарлықтай мол ресурсқа ие. Аймаққа озық технология тарту және инновациялық шешімдерді енгізу ісінде күш біріктіру керек. Қазақстан Астанада Сирек металдарды зерттеу жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын көтерген болатын. Бұл мекемеде кеніштер мен оны игеру технологиялары туралы өзекті ақпараттарды жинақтап, инвесторларға ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану нәтижесінде пайда болатын мүмкіндіктерге тоқталды. Президент елімізде ЖИ-ді жан-жақты енгізу шаралары, сондай-ақ өзбек әріптестермен бірге атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

– Жасанды интеллект саласындағы серіктестікті одан әрі дамыту үшін аталған технологияны қолданудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу керек. Орталық Азия мемлекеттерінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы декларацияның жобасын дайындауды ұсынамын. Құжат бірлескен цифрлық жобалар аясында мәлімет алмасқан кезде ашықтықты, сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, барлық қатысушының құқығы қорғалатынына кепіл болады, – деді ол.

Президенттің айтуынша, өңір үшін су қауіпсіздігі мәселесі аса өзекті.

– Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады. Мұндай құжат саладағы бірыңғай жұмыс қағидаттарын бекітіп, ықтимал қарама-қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитімен қатар өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларының жиынында осы тақырыпқа оралып, ұсыныстарды талқылай аламыз. Сіздер аталған іс-шараларға белсенді қатысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту өңір елдері үшін негізгі басымдық саналады. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін Самарқанд қаласында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясын табысты өткізуімен құттықтады.

Президент ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың маңызына назар аударды. Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.

– Осы салада барынша белсенді әрекет етіп, туризм саясатын өзара тиімді үйлестіретін уақыт жетті деп ойлаймын. Бұған дейін бүкіл өңірге ортақ туристік бағдарларды дамыту туралы ұсыныс айтылған еді. Біз мұндай бастамаларды қолдаймыз. Бұдан бөлек, Орталық Азияның біртұтас туристік брендін ілгерілетуде пәрменді шаралар қабылдауды ұсынамыз. Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және Орталық Азия елдерінің бірыңғай туристік кеңістігін қалыптастыру аталған саладағы байланыстарымызды жандандыруға құқықтық негіз бола алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығынан алған әсерімен бөлісіп, Шавкат Мирзиёевтің аталған мекемені ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін ортақ алаңға айналдыру жөніндегі бастамасын қолдады.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор екенін айтты. Бұл ретте Президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс.

Сөз соңында Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіру мәселесіне тоқталды.

– Ұлттық үйлестірушілер кеңесі бекітілгеннен бері бұл алаң тиімділігін көрсетті. Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Ол уағдаластықтардың орындалуын бақылаумен шектелмей, өңірді дамытудың стратегиялық векторларын әзірлеумен айналысуы керек. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын. Бұл мәселелерді жұмыс тәртібінде талқылап, тиісті бастамаларды бекітуге болады деп ойлаймын. Орталық Азия сараптамалық форумын өңірлік ықпалдастық жүйесіне қосуды ұсынамын. Соның нәтижесінде форум зерттеу жүргізетін және бірыңғай тәсілдер қалыптастыратын негізгі платформаға айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.