"Қомақты қаржы ұсынды, сатпадым": Шардарада алтын-күмістен әшекей жасайтын әйел бар (фото)

0
3 725

Жасалған зергерлік күміс алқаның салмағы 2,5 келі.


Шардаралық апа тарихи зергерлік бұйымдарды жинауды қолға алған. Бүгінде 100-ден астам тарихи жәдігерлерді топтастырған апа 61 жаста, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Толды Қожаниязова 1958 жылы Түркіменстан Республикасының Маары ауданында өңірінде дүниеге келген. Шардара топырағына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоныс аударып, бүгінде жұбайы Бақытжан Қожаниязов екеуі 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр.
Жастайынан металл бұйымдардан зергерлік жасауға бейім өскен апамыз 1980 жылдан бастап осы салаға толықтай зейін қояды. Оған себеп – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын «Өңір жиек» алқасының берілуі. 1875-жылы жасалған зергерлік күміс алқаның салмағы 2,5 келі. Бүгінде аудан, облыс аумағында өтетін мәдени іс-шараларда қолында бар бұйымдарынан көрме ұйымдастырып, ондағы зергерлік бұйымдардың жасалу жолдары мен шығу тарихы жайында жұртшылыққа танымдық әңгімелерін айтатын Толды Қожаниязовада 100-ден астам алтын, күміс және қола мен мыстан жасалған бұйымдар бар. Оның 20-сы екі ғасырға жуық уақыт бұрын жасалғандар.

«Толды Қожаниязова мен жұбайы Бақытжан Қожаниязовтың отбасы қаладағы өнегелі отбасылардың бірі. Ол кісілер ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар мәдени өркендеуіне де өз үлестерін қосып келеді. Көптеген тарихи зергерлік антиквариат бұйымдарын топтастырған әпкеміз өскелең ұрпаққа салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар мен зергерлік заттарды таныстыруда ерекше еңбегі сіңген жан» - дейді Шардара қаласының әкімі Ережеп Бекет мырза.

Қолы бос уақытында зергерлік бұйымдар жасауды өзі де кәсіп еткен Толды Қожаниязованың туындыларына Шардара аудандық орталық музейінен арнайы бұрыш беріліп, келушілердің назарына ұсынылған. Көрмелерден көрген көптеген жандар сатып алуға ниет білдіріп, қомақты қаржы да ұсыныпты.

«Білезік, алқаларды, шашбаулар мен жүзіктерді сатып алуға ниет білдіріп, қомақты қаржы ұсынған талай-талай отандық және шет елдік коллекционерлер болды. Бірақ, осы уақытқа дейін ешбірін сатпадым. Себеп бұйымдардың бағасында емес, себеп – әрбір заттың ерекше тарихында, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан әулетіміздің баға жетпес құндылығында» - дейді Толды Қожаниязова.