​ТҮРКІСТАН: Созақта 4 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді

0
76

Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.


​ТҮРКІСТАН: Созақта 4 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді

Созақтағы Жартытөбе ауылдық округінде 4 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылдық округіне табиғи газ тартылып, елді мекен табиғи газға қосылды. Енді ауылдық округтегі 680 абонент, яғни 4 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынды» пайдаланады. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.

Тұрғындардың қуанышымен бөлісу мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, ауыл тұрғындарын табиғи газдың іске қосылуымен құттықтады.

– Бүгін Жартытөбе ауылының тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы ретте Созақ ауданында бой көтерген автоматтандырылған газ тарату станциясының маңызы айрықша екенін атап өткім келеді. Құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын бұл нысан аудандағы елді мекендердің тең жартысын табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгін сол мүмкіндік нақты іске айналып отыр. Жартытөбе, Аққолтық және Бабата елді мекендеріне табиғи газ тартылды. Ел игілігіне бағытталған мұндай ауқымды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Түркістан облысының барлық елді мекенін кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту – біздің басты міндетіміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Жартытөбе ауылдық округін газдандыру жұмыстары Созақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 800 млн теңге, облыстық бюджеттен – 800 млн теңге, жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінген.

Жалпы, 2025 жылы облыс бойынша елді мекендерді газбен қамтитын 87 нысанның құрылысы басталып, оның 45-сі аяқталды. 102 мың халқы бар 41 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Биылғы 8 айда газбен қамтылған елді мекендер саны 610-ға жетіп, өңір тұрғындарының 89,4 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта өңірдегі елді мекендерді табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса береді.

Бөлісу