Жұмыс барысы аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.
Түркістан облысында газбен қамтитын 66 нысан ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысындағы 829 елді мекеннің 510-ы (61,5 %) немесе 1 746 129 тұрғын (81,5 %) табиғи газды қосуға мүмкіндік алған болатын.
Облыс елді мекендерін 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс барысы аймақ басшысы Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.
Биыл 115 нысанның құрылысына тиісті қаржы бөлінді. Оның ішінде, 80 960 халқы бар 53 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтитын 70 нысанның (13 жеткізуші газ құбыры) құрылысын осы жылы аяқтау жоспарланған болса, қалған 45 нысан келесі жылға өтпелі.
2024 жылдың 11 айында 66 нысан пайдалануға тапсырылды. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында – 2, Жетісайда – 18, Бәйдібек ауданында – 23, Ордабасыда – 13, Созақта – 1, Арыс қаласында – 4, Қазығұртта – 3, Шардара ауданында – 2 және Түркістан қаласында 1 нысан ел игілігіне берілді. Бәйдібек ауданындағы 2 нысан, Ордабасыдағы 2 нысан жыл соңына дейін тапсырылмақ.
Жыл қорытындысымен өңірде 807 елді мекеннің 560-ы (70 %) немесе 1 827 089 тұрғын (86%) табиғи газбен қамтылуға мүмкіндік алады.